Алматының Алатау ауданындағы қисайып, құлайын деп тұрған көпқабатты тұрғын үйді салушы компания өзін кінәлі санамайды.
„Астана құрылыс” компаниясының бас директоры Бекболат Амантөрин Алатау ауданы, Алғабас-6 ықшам ауданындағы қисайған үй барлық талаптарға сай салынған деді. Бұл туралы Today.kz хабарлайды.
„Жоқ, ештеңені мойындамаймын, мұны комиссия шешетін болады. Оның жауабы бүгін-ақ белгілі болып қалуы мүмкін„ – дейді Бекболат Амантөрин баспасөзге берген сұхбатында.
Ол апатты үйді тексеру үшін еліміздің сейсмология ғылыми зерттеу инситутынан мамандар шақырылғанын айтты.
„Осы негіздегі қортындыдан соң, яғни біздің компанияға қатысты нұсқаулар шығарылса, онымен айналысатын боламыз”, – дейді Бекболат Амантөрин.
Ал Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ғабит Садырбаев Today.kz-ке берген сұхбатында, оңтүстік астанада мұндай жағдайдың бірінші рет болғанын айтады. Дегенмен мұндай төтенше жағдайлар басқа қалаларда тіркелген екен.
“Кез-келген жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді. Содан соң құрылысты бастауға рұқсат беріледі. Комиссия құрылады, оның құрамына құрылысшы, сейсмология мамандарынан бастап, төтенше жағдайлар өкілдері де қатысады.
Қарағандыда мұндай оқиға тіркелген. Бізде Алматыда бірінші рет болып отыр. Ташкентте, Шымкентте де үйдің қисайып, құлағаны тіркелген. Көп жағдайда үй астындағы топырақ шөгеді. Өйткені жерасты сулары арнасын ауыстырады.
Ол жерде жер асты өзені жоқ, бірақ жерасты суының бес-алты жылда орын ауыстыруы мүмкін, кейде 20 жылда бір рет жер асты сулары “тасиды”. Содан бос кеңістік пайда болады. Шымкентте осылай болған, топырақ шөккен. Құмдардың шөгуін анықтау мүлдем мүмкін емес”,- деді Ғабит Садырбаев.