Оқу үлгерімі жақсы, бірақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған ауылдық жерлердегі түлектер үшін биыл Қызылорда облысы әкімінің 135 білім гранты тағайындалмақшы. Бұл туралы аппарат мәжілісінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев мәлімдеді, – деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Өткен жылы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша Қызылорда облысы республикадағы аймақтар арасында алғашқы бестікке енген болатын. Ал мектеп бітірген түлектердің 93,6 пайызы арнайы және жоғары оқу орындарына түскен. Сонымен қатар, Ресей Үкіметінің білім гранттары негізінде 321 сырбойлық Мәскеу мен Санкт-Петербургта білім алуда.
– Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысатын түлектер үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Балалардан артық ешнәрсе жоқ. Сондықтан, жауапты басқармалар мен қала және аудандардың әкімдері тест өтетін пункттерге, олардың жатын орындарына тікелей жауапты. Ұлттық біріңғай тестілеуді ұйымдастыру жоғары деңгейдегі жауапкершілікпен өткізілуі тиіс. Оның нәтижесі аймақтағы білім беру саласының көрсеткіші және облыс дамуының болашағы, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Аппарат мәжілісінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Жалпы, биылғы жылы облыс бойынша 1-10-сынып аралығындағы балалар саны 124994. Оның 93 пайызы жазғы демалыспен қамтылады. Қазір аймақта 8 демалу-сауықтыру лагері жұмыс жасайды. Биыл осы аталған 8 лагерьде барлығы 8570 бала тынығатын болады. Облыс әкімі аймақтағы барлық лагерьлердің үздіксіз, жыл бойы жұмыс істеуін қатаң тапсырды. Сонымен қатар, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар балаларының, мүгедек балалардың, даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың, жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушыларының сауықтыру демалысын басым тәртіппен жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілуін тапсырды