Шымкентте 64 млн теңгені жымқырған мектептің бас есепшісі сотталды. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сот мәліметінше, орта мектептің бас есепшісі ай сайын өзінің шотына бекітілген жалақысынан жоғары сома аударып отырған. Соның салдарынан бірнеше жыл ішінде мектеп бюджетіне 64 миллион 295 мың теңге залал келтірілген.
Сотталушы өз кінәсін мойындап, оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Алайда сот оны сегіз жылға соттады. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
«Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының өз кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп ескерді. Сот К-ны мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Азаматтық талап толығымен қанағаттандырылды», – делінген соттың хабарламасында.