Үш ай бұрын тұрмысқа шыққан бойжеткен осы шешімі үшін өкініп жүр. Себебі, күйеуі оған көңіл бөлуді қойған екен. Тіпті, майда ақша бермей ұрыс шығаруды әдетке айналдырған. Осы орайда, бойжеткен мамандардан кеңес сұрады.
Бұл туралы «Әйел бақыты» бағдарламасында айтылды деп жазады Stan.kz.
«Жасым он тоғызда. Күйеуге шыққаныма үш ай ғана болды. Оның жасы жиырма бірде. Екеуіміз 3 күн сөйлескеннен кейін ол мені алып қашып кетті. Амалсыз қалуыма тура келді. Басында барлығы жақсы болатын. Ал қазір күйеуім көп қаңғиды. Күндіз жұмыста, түнде қалада жүреді. Маған мүлдем көңіл бөлуді қойды. Бір-бірімізбен, тіпті, сөйлеспейміз. Тек сұрақ қойсам, жауап береді. Бұл мінезінен шаршадым. Екеуіміз бір-бірімізге мүлдем бөтен адам сияқтымыз.
Бағдарлама барысында бойжеткеннің хаты жауапсыз қалды. Десе де, психолог маман Марал Сарбасқызы жастарға өмірлік жарды қалай таңдау керектігін айтып берді. Яғни мұндай қателікке бой алдырмау үшін алдын ала моральдық тұрғыдан отбасын құруға дайын болуға кеңес берді. «Қарым-қатынасқа түскен кезде екі адам бірдей болады. Іште әртүрлі жалған ой болады. Сезімді реттеу өте қиын. Үйлену керек, жағдайды дұрыстау керек, қолайлылық, оның мінезі менің мінез ерекшелігіме сай келеді, құмар қандыру, балаға әке керек – бұлар махаббат емес. Бұлар – тек қажеттілік, эгоизм. Мұның арты біздің ойымыз, біздің пікіріміз деген секілді біржақтылыққа әкеліп соқтырады. Қарым-қатынаста «сүйемін, біреудің сүйіктісі бола аламын, осы адаммен бірге жетістіктерге жетемін немесе бірге сәтсіздіктерді бастан кешіремін» деген сынды ойлар ғана болуы тиіс», – дейді Марал Сарбасқызы.