WhatsApp арқылы тараған бұл болжамның анық-қанығы қазір тексеріліп жатыр.
Қазақстанда доллар құны туралы WhatsApp желісі арқылы тарап кеткен банк құжаты адамдардың дегбірін қашырды.
Ұялы телефон арқылы ел бір-бірімен алмасып жатқан мәліметте доллардың қымбаттайтындығын байқауға болады. Онда теңгеге шаққандағы шетел валюталарының осы жылдың 15 ақпанындағы болашақ курсы көрсетілген.
Атап айтқанда, банк құжатында 1 доллардың құны 410 теңге, ал 1 евро 440 теңге деп көрсетілген.
Tengrinews ақпарат агенттігі бұл құжат тиесілі деген Сбербанктің баспасөз қызметімен байланысып, жауап алған.
Бұл құжаттың еліміздегі шетел валюталарын сату мен сатып алу бағамдарына еш қатысы жоқ екенін баса айта кетелік. Құжатта корпоративтік тұтынушылардың несие бойынша міндеттемелер көлемін бақылау болжамы жазылған. Нарықтағы нақты валюта бағамына еш қатысы жоқ мұндай болжамдар күнде әзірленеді.
Бұл – еркіне жіберілген теңге бағасының құбылуын күнделікті тіркеп отыратын қажетті шара, – делінеді банк түсініктемесінде.
Құпия құжаттың көпке жария болып кетуіне байланысты банк ішкі тексеру жүргізетіндерін де мәлім етті.