„Қытайға жер сатты„ деп айыпталған „Бәтуа„ компаниясы өзіне жала жапқандарды сотқа бермек

63 просмотров

Шығысқазақстандық компания „жерді қытайларға сатты, жалға берді„ деп өздеріне жала жапқан азаматты және бірқатар БАҚ-ты сотқа тартпақ.

„Бәтуа„ компаниясы иелігінде ауылшаруашылығы жер телімі жоқ, олар қандай да бір шетел немесе Қазақстан азаматына жер сатқан емес, сатпайды да немесе жерді жалға берген емес.

Жақында бір жаңалықтар порталы өздері жариялаған „Бәтуа„ ЖШС қызметі туралы негізсіз фактілерге сүйенген мақаланы жоққа шығарды. Алдында „Бәтуа„ компаниясы басшылығы қытай жұмысшы күшін тартып, қытай компанияларына жер үлесін сатқаны туралы мақала жарияланған. Бұл ақпаратты басқа да басылымдар көшірмелеп басты деп хабарлады zakon.kz.

— Осыған байланысты ар-намысымыз бен беделімізді қорғау мақсатында бірқатар БАҚ үстінен сотқа шағым түсіреміз,- деді „Бәтуа„ ЖШС бас директоры Асқар Ізімғалиев.

Компания келтірген дерекке сүйенсек, БАҚ өкілдеріне негізсіз ақпарат таратқан Айдын Егеубаев «Бәтуа» компаниясы құрылғалы бері осы мекемеге келіп жүрген адам екен.

„ Ол біздің компанияға өз достарымен келіп жүрді. Компаниядағы үлесті ешқандай қаржылық кепілсіз беруді сұрады. Оған ешкім келіспеді. Осыдан бастап „Бәтуа„ компаниясына шетел инвесторларынан келіп түскен қаражат оны күндіз күлкіден, түнде түстен айырды. Қажет болса, оның біздің фирмаға келіп жүргенін айғақтайтын бейнежазбаны да көрсете аламыз„  делінеді „Бәтуа„ компаниясының негізсіз ақпаратты жоққа шығару дәйектемесінде.

— Қалай дегенмен де БАҚ та жарияланған материалдар компания қызметін тежеп, тұсау салды. Сондықтан да біз кәсіпкерлік салада атымызды ақтап алу үшін БАҚ-тарды сотқа беруге мәжбүрміз, — Асқар Ізімғалиев.

— Қазір „Бәтуа„ компаниясын 7 мемлекеттік орган тексеріп жатыр. Оған қосылғысы келетіндер тағы табылуы мүмкін. Әрине, мұның барлығы компанияның қызметіне белгілі бір деңгейде теріс әсер етуде, — дейді Тұңғыш сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық„ республикалық ұйымы төрағасының орынбасары Руслан Асылбеков.

Загрузка...