Нұр-Сұлтан
Қазір
-7
Ертең
-14
USD
525
+1.39
EUR
546
-3.47
RUB
5.09
+0.02

Тасмағамбетов 60-жаста. Ол туралы тәуелсіз сарапшылар не дейді?

265

…саясатқа ерте араласты. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстан Республикасының Жастар істері бойынша Мемлекеттік комитетінің төрағасы (1991 жыл) болды. 1993 жылы ҚР Президентінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Одан кейінгі жылы әзіргі қызметі секілді ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1997 жылы вице-премьерлікпен қатар Білім және мәдениет министрі қызметін қоса атқарды. Кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметіне ауысты. 1998 жылдан – ҚР Президентінің бірінші көмекшісі.

Ал 1999 жылы Атырау облысының әкімі болды. Бұл арада ұзақ аялдаған жоқ. 2000 жылдың желтоқсанында екінші рет Премьер-министрдің орынбасары қызметіне оралды. 2002 жылы алғаш рет Үкіметтің тізгінін қолына алды. 2003 жылы ҚР Мемлекеттік хатшы болды. Ал 2004 жылы екінші мәрте ҚР Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсанынан 2008 жылдың сәуіріне дейін – Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. 2008 жылдың сәуірінен 2014 жылдың қазанына дейінгі аралықта – Елорданың әкімі болды. Соңғы 2 жылда Қорғаныс министрлігін басқарды.

Иә, оның өмір жолы осындай. Ол туралы сарапшылар не ойлайды екен? Шынымен не ойлайды? Қазақ жақсы көретін қайраткерге тәуелсіз сарапшылар мен беделді журналистердің берер бағасы қандай? 

“Тасмағамбетов? Оның да дұшпандары бар”

Әміржан Қосанов

Айталық, Әміржан Қосанов былай депті: 

“Қазіргі Қазақстан саяси элитасындағы өз орнын ойып алған тұлға. Оның өзіне тән қасиеттері бар екенін ел біледі. Іскер (Алматыда қар жауса, «Имекеңді қайтарыңдар!» деп ел шулап жатады). Ұйымдастырушылық қабілеті зор (кез келген саланы басқарып, дөңгелетіп жібереді). Қол астындағыларға аса (керек десеңіз, тым!) талапшыл (оны мен кезінде өз басымнан өткергенмін).

Рухани өмірден молынан хабардар (ол қасиет көптеген шенеуніктерден табыла бермейді).

Ұлтшыл (қазіргі компрадорлар мен космополиттер билеген заманда ондай болу да бір сын). Және – турашыл.

Соңғы қасиеті оның дұшпандарының қатарын көбейтпесе, сиретіп жатқан жоқ. Кезінде ол кісімен қоян-қолтық араласып, жұмыс істегенбіз. Мойындауға тиіспін: менің Алматыдағы қызмет карьерамның басталуына тікелей атсалысқан осы кісі болды. Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитетте оның орынбасары боп жұмыс істеу – менің алғашқы шенеуніктік әрі қайраткерлік университетім болды. Ол вице-премьер болған тұста мен үкімет баспасөз қызметін басқарып, талай бастамаларға бірге мұрындық болғанбыз. Ол кісінің әкесі қайтыс болғанда мен оның қасында болдым, менің әкем қайтқанда – ол менің жанымда болған. 

Бірақ кейін, саяси себептермен арамыз ажырап кетті: ол билікте, ал мен – оппозицияда дегендей. 8 желтоқсанда ол 60 жасқа толып отыр. Осыдан тура 20 жыл бұрын оның 40 жасқа толу дастарханын басқаруға ат салысқанмын. Ол кезде «ол жас, болашағы әлі алда» деп ел айтатын. Бүгінде ол, сөзсіз, саяси ауыр салмақтылар категориясында.  Ал ол «салмақтылар» санатында болудың өз «салмағы» бар… Сонымен бірге, биліктегі биік белестеріне қарамастан Иманғали Тасмағамбетов аса қиын жағдайда деп ойлаймын, өйткені қатып-семіп қалған біздің саяси жүйе талантты, мінезді, өзгелерден ерекшеленген тұлғаларды көтере бермейді және де оның көре алмастары мен дұшпандары тыныш отырмайды.

Туған күні құтты болсын! Алпыстың асуынан асып, жетпістің жемісін жеуге жазсын. Қолында билік бар кезде, жанынан шықпайтын жағымпаздар мен қай кезде де қасынан табылар шын жанашырларының арасын ажырата білсін! Ең бастысы – халқымен бірге болсын!”. 

“Қазақ қабылдамайтын «реформаны»Тасмағамбетовтың қолымен істету – біреулерге керек…”

Дәурен Қуат

Белгілі журналист Дәурен Қуаттың Имекеңе қатысты пікірі тікелей туған күніне қатысты болмаса да барынша байыпты әрі сауатты дүние екен. Ол бұл туралы Abai.kz сайтында былай деп жазған.

“Қазақ руханияты қазір қатты күйзелісте.

Баспасөз – Ресей баспасөзінің бір пұшпағы, оқырман – орыс бапасөзінің ерікті құлына айналды.

Осы күні барлық телеарналардың әкімшілігінде айқұлақтанып Ресейдің бір азаматы басшылық қызмет атқарып жүр. Жоғарыдағылардың сөзіне бақсақ, «мықты менеджер екен»-міс. «Біздің баспасөзге мінсіз менеджмент әкеліп сіңірмек екен»-міс. Оның ойында  не жүр, ақпарат кеңістігіндегі қауіпсіздігіміздің қауқары қанша – оған қабырға қайыстырып, ой толғайтын шамадан қазір біз «шығандап» кеткенбіз. Орыс баспасөзі жазса – болды, орыстілді баспасөз айтса – біттімен күн кешудеміз. Осылай күн кешуді ақ жағалы ұлығымыздан бастап бәріміз қалыпты өмір салты деп білеміз.

Ресей мен өзіміздегі орыстілді баспасөзсіз өмір сүруге, мемлекеттің ақпараттық ісін жүргізуге бола ма дейтін сұрақ тәуелсіздігіміздің ширек ғасырын игерген  уақыттың шегінде ешкімнің шекесін солқылдатып, ойлантқан емес. Соның салдарынан қазақ халқы зомбилер еліне айналып бітті. Қазақ үшін бұл күнде қытай – дұшпан, АҚШ – жау, Түркия бізді отарлап алғысы кеп жүрген ниеті бұзық ел, Украина – құрып біткен жұрт т.б.  Айтып тізе берсек, әңгіме көп. Сол көп мәселені Иманғали Нұрғалиұлы қапысыз білетін және оның шешімін де таба білетін қайраткер ретінде Сағынтаев Үкіметінің құрамында қызмет етуге тәуекел еткенге ұқсайды.

 Тасмағамбетовтың Үкіметке келгені  – біздің бұдан былай Ресейден ептеп іргемізді аулақ салуға, аулақ салмағанның өзінде тепе-тең қарым-қатынас жасауға бет бұрғанымызды білдіретін сияқты.

Себебі – Имекең қазақ қоғамының рухани келбеті өзіндік келбет болуы керек деп түсінетін және соған барын салатын тұлға.

Біреудің қаңсығы мен таңсығын көшіріп әкеліп тықпалай беру оған жат қылық.

Алайда… алайда дейтін күмәнді нәрсе  көңілден, сірә, арылған ба?  

Білім саласында үштұғырлы тіл, дүние жүзі тарихын орыс тілінде, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту дейтін реформаны қанша алға салғанымен өткізе алмай жүрген билік Тасмағамбетовтың ел ішіндегі беделі мен сүйкімін пайдаланып іске асыруды көздеуі мүмкін.

Қазақ жанына ауыр тиетін өзге де «реформаларды»Тасмамғамбетовтың қолымен істеу бәлкім біреулерге керек болып та қалған шығар…”. 

“Тасмағамбетов мықты ұйымдастырушы, бірақ саясаткер емес” 

Расұл Жұмалы

Бүгін мерейтой иесіне қатысты саясаттанушы Расұл Жұмалыға хабарластық. “Айтарымды айтып қойдым. Ақпаратта жүр. Басқа алым-қосарым жоқ” деді. Қамшы порталында жарияланған сарапшының пікірін шағындап ұсынып отырмыз. 

“Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның егемендік жылдарындағы тарихта, 25 жылда өзіндік орны, өзіндік ұстанымы бар, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың арасындағы санаулыларға ғана тән абырой иесі болып табылатын азамат. Ең алдымен Тасмағамбетов осы 25 жылдың барлық уақытында ірі мансаптарға ие болды. Түрлі лауазымды жұмыстар атқарды. Оның басым бөлігінде жағымды жағынан көріне алды.

Бүгінгі жүйедегі мемлекеттік қызметкерлер үшін бұл сирек кездесетін дүние. Атыраудың, Алматының, Астананың әкімі, Премьер-министр, Қорғаныс министрі болып тұрғанда да өзінің жақсы жағын басым көрсетті. Мемлекеттік тәжрибесі, азаматтық ұстанымы тұрғысынан қабілетті басшы, жақсы менеджер, жақсы ұйымдастырушы, қай жұмыспен айналыспасын көбіне жақсы нәтижеге жетіп отыратын тұстары бар. Бұл да, бүгінгі шенеуніктердің арасында сирек кездесетін дүние. Тиісінше халықтың алдында да өзіндік беделі бар, Ауыр салмақтағы бүгінгі саси тұлғалардың бірі. 

Дегенмен де, Иманғали Тасмағамбетовті мықты ұйымдастырушы, ұтымды менеджер деп санай тұра, дербес бір саясаткер ретінде оны қабылдау меніңше негізсіздеу. Ол көбіне президенттің жоғары дәрежедегі тапсырмаларын орындаушы. Жария түрде өзіндік ойын білдіруі тұрғысынан әлі шектеліп тұратынын байқаймыз. Президенттің қарамағындағы көмекшісі, орындаушысы екенін өзі де талай мәрте айтқан. Тасмағамбетовтің қолынан іс келетінін, ұйымдастырушылық қабілеті зор екенін, сол жағынан әлде қайда ерекшеленіп тұратынын баса айту керек.

Айтпай кетуге болмайтын тұсы оның Алматы әкімі болып тұрған кездегі орын алған «Шаңырақ», «Бақай» оқиғасы. 2002 жылы премьер-министр болып тұрған кезіндегі әділ емес «жер кодексінің» қабылдануына мұрындық болуы. Осындай жағын да негізде ұстау керек. 60 жасқа келген мерейтойымен құттықтай отырып, денсаулық тілей отырып, ұлтшыл, мемлекетшіл саладан көрінуін тілей отырып, жаңағы келеңсіз тұстардан қоғам да, саясаткерлер де сабақ алса, сондай жағдай қайталанбауын назарда ұстаса дейміз”.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз