Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбүтәліп Мүтәлі жасырын бақылауға арналған техникалық құрылғылардың бақылаусыз айналымына байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда техникалық құрылғылар нарығы іс жүзінде реттелмей отыр. GPS трекерлері, GSM маяктары, мини-камералар, дауыс жазғыштар және онлайн платформалар арқылы лицензиясыз немесе сертификатсыз сатылатын өзге де электрондық құрылғылар кез келген азаматқа еркін қолжетімді.
«Мұндай құрылғылар арқылы азаматтарды заңсыз бақылауға алу мүмкіндігі бар. Бұл жеке өмір мен отбасылық құпияны қорғау құқығына тікелей қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық тәуекелдерін арттырады», – деді депутат.
Осы құрылғылар арқылы ел азаматтарын заңсыз бақылауға алу мүмкіндігі бар. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық сияқты тәуекелдерді арттырады.
Құқық қорғау органдары жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында дауыс жазғышы бар қаламдар, тұрмыстық заттарға жасырылған бейнекамералар, көзілдірік пен флешка түріндегі құрылғылардың сатылуы анықталған. Алматы, Теміртау және өзге де өңірлерде мини-камералар мен GSM жүйелері тәркіленіп, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда бұл шаралар жүйелі сипатқа ие емес, нарық өз қызметін еш кедергісіз жалғастыруда.
Депутатты ерекше алаңдататын мәселе – сыртқы пішіні бойынша заңды әрі кең таралған, тіпті сәнге айналған жаңа буын құрылғылардың ақпаратты жасырын тіркеу мүмкіндігіне ие болуы.
«Бұл құрылғылардың қауіпін тек сыртқы белгісіне қарап бағалау қате болып табылады. Шешуші рөл құрылғының пішіні емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілімен анықталады», – деді Мүтәлі.
Сонымен қатар депутат жаңа буындағы автомобильдерге, әсіресе сұранысы жоғары Қытай автокөліктеріне назар аударды. Оның айтуынша, бұл көліктер шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Нәтижесінде Қазақстан азаматтарының қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық деректері шетелдік юрисдикцияларда өңделуі мүмкін.
«Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың барлық қозғалыстары мен басқа да әрекеттерін бақылап, талдай алады. Мұндай автомобильдердің функцияларының қашықтан шектелуі немесе ажыратылуы фактілері бар», – деді халық қалаулысы.
Халықаралық тәжірибеде мұндай электроника «қатаң бақылауға алынған» санатқа жатады. Оларға міндетті сертификаттау мен лицензиялау талаптары қойылып, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылады. Бұл тәсіл азаматтардың жеке өміріне жасырын қол сұғылудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Әбутәліп Мүтәлі Үкіметтен азаматтардың жеке өмірі мен жеке және отбасылық құпияға конституциялық құқығын қорғауды күшейтуді, жасырын бақылауға арналған құрылғыларды міндетті түрде сертификаттау және лицензиялау тетіктерін енгізуді, сондай-ақ бірнеше мемлекеттік органның қатысуымен олардың айналымын бақылаудың жүйелі механизмін әзірлеуді сұрады.
Сонымен бірге депутат елімізде сатылатын жаңа буындағы автомобильдер бойынша пайдаланушы аккаунттары мен деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан Республикасының аумағында орналастыру және олардың ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды ұсынды.
«Осы құрылғылардың айналымын реттеу үшін кешенді құқықтық және бақылау тетігін әзірлеп, шұғыл түрде шара қабылдауды сұраймын», – деді депутат сауал соңында.