Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі: өтемақы алу үшін 10 518 депозит иесі банкке хабарласпады

60 просмотров

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өтемақы төлеу үшін қосымша келісімге қол қою мерзімін 1-шілдеге дейін ұзартты, — деп хабарлады аталған банктің баспасөз қызметі.

2016 жылғы 31-мамырда тіркелген жағдай бойынша, өтемақы төленуі тиіс 452 069 салымшының 160 765-і  қосымша келісімге қол қоймаған. Осыған орай,  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қосымша келісімге қол қою мерзімінің директорлар кеңесінің шешімімен ағымдағы жылдың 1-шілдесіне дейін ұзартылғанын жариялайды.

„Көбінде сомасы 1 миллион теңгеден аспайтын депозиттер бойынша келісімдерге қол қойылмаған. Банкте мұндай 150 248 салым бар. Жинақ сомасы 1 миллион теңгеден асатын 10 518 депозиттің иесі банкке хабарласпаған„, — делінеді аталмыш банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің хабарлауынша, өтемақы бюджет қаражаты мен банктің табысы есебінен екі транш арқылы төленеді.

Өтемақы көлемі — 35,5 пайыз. 2016 жылы оның 19,2 пайызы, 2017 жылы 16,3 пайызы төленеді.

Қосымша келісімге қол қою үшін салымшылар Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің кез-келген жақын маңдағы бөлімшесіне хабарласа алады. Сондай-ақ электронды-сандық қолтаңбаны пайдалана отырып, www.egov.kz порталында немесе банктің www.hcsbk.kz ресми сайтында, онлайн режимінде қосымша келісімге қол қоюға болады.

Загрузка...