Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
10
USD
446
-0.83
EUR
475
-0.80
RUB
4.78
-0.01

Павлодар неге орыстанып барады?

321

XI42KfQTK4WaoYpkTRpGUS910kijTCПавлодар өзгермепті. Павлодарға барған соңғы сапарымызда бұған тағы бір мəрте көз жеткізіп қайттық. Не көрдік? Не білдік?

Бұл жақта қазақша сөйлеу əлі де ұят саналады екен.

Қазақша сөйлесең, айналаңдағы адамдар саған үрке қарайды. Жоқ, бұл үрку емес… Сенің қазақша сөйлегеніңе, қазақ тілінің əлі де қолданыста жүргеніне таңдану. Таңданған адамдардың ортасында тұрған сен қараптан-қарап қысыласың.

Мемлекеттік тілде, тіпті, нан алып жеудің өзі қиын. Осыдан 10-15 жыл бұрын сондай болатын. Əлі де сол.

Бір жолы осындағы бір дүкенге кіріп нан алмақ болдық.

– Нан бере салыңызшы!

Сатушы үндеген жоқ.

Қайталадық: – Нан бере саласыз ба?…

Екінші мəрте айтқанда барып, əрең қимылдады. Күбірлеп жүріп бір бөлке нанды қолымызға ұстатты. Күбірінің арасынан: «…на казахском спрашивают. Не образованные…» деген сөзді анық естідік. Айғайласқан жоқпыз. Қазақша сөйлейтін адамды сауатсыз санайтын сатушымен салғыласып жатудың өзі артық еді. Жеңе алмайсың.

Бірақ бірнəрсені білдік.

 Олар бізді «мәмбет» дейді

Оның бізді сауатсыз деуінің ар жағында үлкен кемсіту жатыр. Əлгі «мәмбет» деген сөзді қазақша сөйлейтіндерге қарата айтатын адамдар Павлодарда толып жүр. Қазақша сөйлеуге намыстанатын, қазақша сөйлегендерді көрсе, әрі таңданып, әрі мысқылдап күлетін…

Айттық қой, мәселе орыста емес. Орыс көшіп жатыр дейді. Алайда қазақ өзгермеген. Павлодардың қазағы. Адасқан, орыстанған…

Иә, мəселе орыста емес. Қазақта. Өңірдегі саны санаулы ғана патриот жастардың айтуынша, орыс емес, қазақ кері кетіп барады.

Павлодардың қазағы жаппай орысқа айналу үстінде.

Баласын орыс мектебіне беру-бермеу бұл жақта талқыланбайды. Орыстанған қазақтар бұл туралы ойланбайды да. Баласының орыстілді мектепке баратыны, ол өмірге келгенде-ақ шешіліп қойған.

Ал Павлодардың көшелері ше? Көшесіне көз жүгіртсеңіз, Қазақстанда емес, Ресейдің губерниясында жүргендей сезінесіз өзіңізді. Кутузов, Суворов, Катаев, Ленин, ең аяғы Ермак… Павлодардың атауын өзгерту өз алдына, алдымен көшесін түзеу керек.

Әлі есімізде, Павлодардағы Лебяжы деген ауданның атауын Аққу деп ауыстыратынын естігенде, астымызда тұратын орыс кемпір ауырып жатқан жерінен атып тұрыпты. Өзі сексенде. Өлгелі жүр. Сасық… Біздің үйге келіпті.

«Естідіңдер ме, Аққуы несі? Ескі атауын қайтару керек?» дейді.

Сол кемпір бұтына жіберіп жүріп, елдің қолын жинады. Әкімнің алдына апарып тапсырды…

Әлі есімізде. Шешемізбен бірге трамвайға, автобусқа отырамыз. Сол кезде ол тап тұмсығының алдында түрегеп тұрған бізге бар даусымен айғай салады: «Балам, ана кондукторға апарып жолақысын төлеп келші». Бізге бүкіл ел жалт қарайды. Жоқ, шешеміздің айғай салғанына емес, қазақша сөйлегеніне! Біз болсақ, ұялғанымыздан қызарып кетеміз. Жоқ, шешеміздің айғай салғанына емес, қазақша сөйлегеніне…

Біз неге ұяламыз? Себебі, қазақша сөйлегеніміз үшін талай рет күлкі болғанбыз, елге. Бізге бүкіл ел жалт қарайды. Қазақша сөйлейтін біз олардың алдында жатжұрттықтар сияқтымыз. Бізге бүкіл ел жалт қарайды. Орыстанғандар, орысқа айналғандар араларында «бөгде» біреулердің әлі де бар екеніне айран-асыр болады. Кірерге тесік таппайсың. Іштей, олардың не ойлап тұрғанын білесің өйткені.

Айтайық па, не ойлап тұрғанын? Жоқ, айта алмаймыз. Айтсақ, жүрегіміз ауырады. Баламыз ғой, сол кезде шешеміздің неге бұлай ететінін түсінбейтінміз. Қазір түсінеміз.

Павлодар өзгерген жоқ. Ол орыстанып барады…

Аль ФРЕДО

6221cd06fcaf874c86ea722c79c735af_big

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз