сдӨткен ғасырдың басында орнаған Кеңес үкіметі халқымыздың зиялылары – Алаш арыстарын қудалаумен қатар, ұлттың рухани құндылықтарына да ауыз салыпты. Оны мәдениеттанушы Бердалы Оспанның төмендегі мақаласынан байқауға болады.
„Отанымыз – Қазақстанның тарихи жолы небір жалау желбіреткен жеңістерге толы. Әйтсе де, халықтың басына қара бұлт үймелеген кездер де аз болмағаны белгілі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында орын алған сол бір нәубетті кезең қазақтардың сан жағынан жартылай азаюына әкеліп соқты.
Мемлекетің ресми құжатында қазақ тіліндегі грампластинкалар деген тізімге ұйғыр әндерінің де қосылып жазылғанына қарағанда, сол кезгі билік басындағылардың қазақ пен ұйғырдың екі бөлек ұлт екеніне жеткілікті мән бермегені байқалады.
Енді сол тізімге назар аударайық:
МОСКВА
«Грампластрест»
Грамммофондық-пластинкалық өнеркәсіпке
Тізім
Жедел түрде алынылып тасталуы тиіс қазақ тіліндегі грампластинкалар.
1. «Қанат-талды» арт. Жүсіпбек Елебеков. Мәтіні халық жауы О.Бековтікі.
2. «Әмір-Хан» арт. Құрманғалиев. Мәтіні халық жауы О.Бековтікі.
3. «Гүльяр» /ұйғыр тілінде/ Әбдімәжит Рузаев Қытайға қашып кеткен
4. «Шаму-Сахар» /ұйғыр тілінде/ бұл да солай
Мәдени ағарту бөлімінің меңгерушісінің орынбасары /ГОРЛОВ/ ЦК КП /б/ К
Неге екені белгісіз, әнші Құрманғалиевтің есімі жазылмапты. Меніңше, бұл Қазақ КСР халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев болуы керек. Ол халық әндері «Айнамкөз», «Ақ кербез», «Ісмет», «Бозжорға», «Он алты қыз» және басқа да әндерді нақышына келтіре орындаған әнші. Оның өзі шығарған «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем» әндері бүгінде де орындалуда.
Ал О.Беков және Әбдумажит Рузаевтың кімдер екені болашақта біліп қалармын деген үміттемін.
Құжатта аты-жөні бірінші келтірілген қазақтың белгілі әншісі Жүсіпбек Елебековтің 1936, 1949, 1958 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ мәдениеті мен әдебиеті декадаларына қатысқаны белгілі. 1942 жылы әншіге Қазақ КСР-нің халық артисі деген атақ берілді. 1968 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ленин ордені мен медальдерімен марапатталған. 1997 жылы жарық көрген «Қазақ совет энциклопедиясының» 4-томының 122-бетінде Жүсіпбек Елебековтің орындаған «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Құлагер» «Сегіз аяқ», «Сұржекей» әндерінің қатарында құжатта көрсетілген «Қанат талды» әні де бар.
1988 жылы «Өнер» баспасы әншінің жұбайы Хабиба Қарақбайқызы жазған «Үні кетпес құлақтан» атты кітабын жарыққа шығарды. Хабиба апай кітабының соңғы бетінде:
– Жүсекең шындықты жақсы көретін, деп жазды. Иә, ол шындықты жақсы көретін… сондықтан ол бүкіл жанын әнге берді.
Жүсіпбек аға ауруханада жатып та кейбірде радионың дыбысын бәсеңдетпек болған жұбайына: – Тиіспе, – деп, қайта шығартып, қашан әлі кетіп, демі біткенше радиодан берілген қазақ әндерін тыңдап жатқан.
Осылайша жетпіс үш жасында, 1977 жылдың тамыз айында көз жұмған ақиық әнші өзімен бірге көп құпияны ала кетті…
Бұл бір ғана құжаттың бізге жеткізгені. Ендігі жерде өткен ғасырда қолдан жасалған осы зұлмат естен шықпауы үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайларда шындық десе жанын аямайтын басшылар мен ғылыми қызметкерлер жұмыс істеп, үнсіз жатқан құжаттардың мазмұнын баяндайтын ғылыми-танымдық мақалалар жазып бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күнделікті түрде халыққа жеткізіп тұруы қажет. Бұл мәселеде бір күнмен шектеліп қалуға болмайды„.
Бердалы Оспан, мәдениеттанушы