Астанада маусымдық ЖРВИ мен тұмаудың өршуі кезеңінде балаларға арналған инфекциялық стационардағы төсектердің жүктемесі туралы №3 көпбейінді балалар ауруханасының директоры Марат Қарсыбекұлы Абдуов мәлімдеді.
Оның айтуынша, стационар 288 төсекке есептелген, алайда пациенттердің көбеюіне байланысты төсек қоры 453-ке дейін кеңейтілді, оның ішінде 243 төсек — вирустық инфекциясы бар балаларға арналған.
«Біздің инфекциялық стационар төсектер санын 550-ге дейін ұлғайтуға дайын, сырқаттанушылық өскен жағдайда қолданылатын резервтеріміз бар, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілгенбіз», – деді инфекциялық аурухананың басшысы.
Сонымен қатар ол ата-аналарды стационардың қабылдау бөлімінде жиналмауға шақырды, себебі бұл өзге инфекциялармен айқаспалы жұқтыру қаупін арттырады.
Ауру белгілері пайда болған жағдайда тұрғындарға өз учаскелік дәрігерлеріне, фильтр-кабинеттерге, емханалардың шұғыл көмек бөлімшелеріне жүгіну немесе мобильді бригаданы шақыру ұсынылады.