Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Мәсімов бір істі аяғына жеткізбей кетіп қалды. Енді Сағынтаев пен Тасмағамбетовке не болады?

122

Экономика маманы Алғатбек Қыдырбекұлының айтуынша, Тасмағамбетов пен Сағынтаевтың Үкіметке келуі экономикалық мәселелерді шешуді талап ететін кезең келіп тұрғанын аңғартады.

– Мәсімов инвестиция тарту жағынан күшті болды. Ол өз міндетін атқарды. Сондықтан да оны қайта-қайта Үкіметке әкеліп отырды. Енді сол инвестицияларды тиімді жұмыс істету үшін мықты менеджерлер керек. Олар дұрыс таңдалып алынды деп ойлаймын.

Әрине, екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Қазір елді қызықтырып отырған осындай мәселе бар.

Кім кімге бағынады, қайсы мінезін ауыздықтайды дегендей. Бірақ бұл жайтты еңсерудің оп-оңай жолы бар. Олар, әу бастан, өз міндеттерін белгілеп алуы керек деп ойлаймын. Үкіметте атқарылатын жұмыс жетіп артылады.

Сағынтаев мықты экономист. Меніңше, ол көбіне ЕурАзЭҚ, өңірлік мәселемен, есеп-қисаппен, халықаралық рейтингтерді қалыпқа келтіру жағымен шұғылданады. Ал Тасмағамбетов ішкі экономикаға, әлеуметтік мәселелерге ден қояды.

Әркім өз міндетін белгілеп алған соң, нағыз істің адамы кім екенін дәлелдеуде Үкіметке қан жүгіріп, жұмысы қарқынды жүреді деп ойлаймын.

Дегенмен, Мәсімовтің соңына жеткізбеген бір ісі бар. Әрине, мұнай бағасы қымбат кезде шаш етектен кенелген пайданы экономикаға дұрыс жұмылдыра алмай,  артына қалдырған тау-тау мәселелеріне тоқталмай-ақ қоялық. Оның артын тазалайтын адамдарды алып келді ғой…

Мәсімов шетелдік инвесторларды тартуы тартты, енді Қашаған кеніші іске қосылуы керек. Оған дейін инвесторлар үшін Мәсімовтің Үкіметте отырғаны дұрыс еді. Бірақ ол кетіп қалды.

Ал Қашаған қалай болады? Ол мерзімінен бұрын, осы айдың соңында іске қосылады деді. Іске қосылған кезін көргенбіз. Апат орын алды да арты сұйылып кетті. Бұл жолы да солай болып жүрмей ме?..

Бұл – жауабы жоқ, әлі ашық мәселе.

Ал Қашаған істемей қалды делік. Онда оған кім жауап береді? Үкіметтен кеткені ме, әлде жаңадан келгендері ме?.. Қалай дегенмен де мұндай жағдайда соңғыларына өте қиын болатын секілді.

Ал дипломат Қазбек Бейсебаев Facebook-тегі жеке парақшасындағы жазбасында жаңадан құрылған Үкіметке қатысты үш мәселеге тоқталуға болатынын айтады. Оның пікірінше, Үкіметтегі өзгеріс ауыз толтырып айтарлықтай емес, әдеттегідей, тек шахмат тақтасындағы тастардың орнын алмастырған секілді. Дегенмен бұл арада үш мәселеге баса назар аудара кеткен жөн.

Министрліктің құрылуы  – біздің дінмен де, азаматтық қоғам мәселесімен де шындап айналыспағандығымыздың көрінісі

Қазбек Бейсебаев

Қазбек Бейсебаев

– Қорғаныс министрінің ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалуы, бір қарағанда, жоғарылау секілді көрінуі мүмкін. Алайда бұрынғы Үкімет басшысы үшін мұны жоғарылау деп айтуға болмас. Сондықтан бұл лажсыздан қабылданған шешім деп есептеймін. Оған Өзбекстандағы билік алмасу процесінің ықпал еткені сөзсіз, өйткені алда бізді де осындай жағдай күтіп тұрғаны белгілі.

Ал ондай кезде президентке берілген, көнекөз саясаткерден гөрі, Бас қолбасшыға тікелей бағынатын әскери адамның министр болғаны жақсы. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, премьер-министрдің бір орынбасарының Сенатқа кетуі де кездейсоқтық емес. Бұл арада түрлі болжамға арқа сүйеуге болады.

Қалай дегенмен де саяси елең-алаң кезеңде Конституцияға сәйкес, Сенаттың айырықша рөл атқаратынын жадымыздан шығармалық. Сондықтан ол араға президентке өте жақын адамдар ғана барады.

Үшіншіден, жаңа министрлік құрылды.

Жаңа деген атауында тұрғандай,

бұл министрлікті тәуелсіздік алғалы бері біз дінмен де, азаматтық қоғам мәселесімен де шындап айналыспағанымыздың көрінісі деп білемін.

Ал жарты жыл бұрын ғана құрылған мемлекеттік қызмет істері министрлігінің қайта агенттікке айналуы бізде кадр мәселесінің сол күйі шешілмегенін аңғартса керек.

Иманғали Тасмағамбетовтың вице-премьер болуы Үкіметті күшейтеді

Ерлан Сайыров

Ерлан Сайыров

Саясаттанушы Ерлан Сайыров Facebook-тегі жеке парақшасындағы жазбасында Тасмағамбетовты ең жауапты кезеңде Үкіметке алдырылатын тұлға деп атайды.

– Онсыз, министрлер кабинеті еңсесі түскен уақытша үкіметке көбірек ұқсайды. Үкіметке салалық міндеттерден тыс, бизнеске, аграрлық секторға және әлеуметтік салаға дем беріп, серпілтіп отыратын қасиет керек. Ал қоғамда үміт пайда болып, бір серпілсе, онда даму туралы айта беруге болады.

Әзірге, жаңа Үкіметті баршаға сенім ұялатып, болашаққа үмітпен қарайтындай ете алады, деп айтуға ерте.

Өйткені экономика мен әлеуметтік салаларда шешімі табылмаған мәселелер тау болып үйіліп жатыр.

Демек, Тасмағамбетовке осы „Авгейдің ат қорасын„ тазалауға тура келеді. Бірақ оған қаншалықты құзірет берілген, оның мүмкіндігі мен шегі қандай? Басты қызық, осы арада.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз