Атырауда нотариус қызметкері заңсыз қызмет ұсынғаны үшін сотталды

44 просмотров

Атырау қаласының №2 сотында Атырау облысы нотариалдық палатасының мүшесі, жеке нотариусқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Бұл туралы Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеуде белгілі болғандай, 2015 жылдың қазан айында Б.Д. есімді азамат тәуелсіз нотариус К.Хайруллиннен тәжірибеден өтіп, біліктілігін шыңдайды.

Тәжірибеден өту кезінде Хайруллин жас маманға нотариустың лецензиясын алып беруге көмектесе алатынын айтады. Ол Әділет департаментінің лауазымды тұлғаларының аузын майлау үшін 20 000 АҚШ долларын талап етеді.

Бірақ Б.Д. нотариустың заңға қайшы бұл әрекеттерін әшкерелеп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне арызданады. Көп ұзамай аталған департамент қызметкерлері Хайруллинді өзінің қызметтік кабинетінде Б.Д.-дан 10 000 АҚШ долларын алу сәтінде қолға түсіреді.

Істі сотқа дейінгі тергеу барысында аталған қылмыстық іс бойынша кінәні мойындау түріндегі процестік келісім жасақталған.

Сот үкімімен Хайруллин ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігімен – 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (алаяқтық) және 28-бабының 4-бөлігімен – 367 бабының 2-бөлігімен (пара беруге қолқа салу) кінәлі деп танылып, оны өмір бойы нотариалдық қызметпен айналысу құқығынан айырып, 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

 

Загрузка...