Қонаев сотында қоғам белсендісі, журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша жарыссөз өтті. Прокурор сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы соттан Думан Мұхаммедкәрімді үш жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айыруды талап етті. Бұл туралы адвокат Мұрат Жолшиев мәлімдеді.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов бұған дейін Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары белсендінің денсаулық жағдайының нашарлауы туралы мәселені бірнеше рет көтергенін айтқан еді.
«Мен сотқа белсендіге медициналық көмек көрсету қажеттілігі туралы өтінішхат бердім, бұл талапты орындаудан бас тарту қатыгез қарым-қатынас ретінде бағаланатынын айттым», – деді адвокат.
Нұрпейісовтың айтуынша, Мұхаммедкәрімде аштық жариялау мен стресс аясында пайда болған «аурулар жиынтығы» анықталған. Белсенді ауруханада 7-10 күн бола алады. Сол тұста журналист ауруханаға жеткізілген.