Жезқазғанда қоқыс жәшігіне тастап кеткен сәбидің анасын іздеген мамандарға иісшіл иттер көмектескен. Бұл туралы Қарағанды облысы Ішкі істер департаментіне сілтеме жасаған Қазақстан жаңалықтары АА хабарлайды.
“Жаңа туылған нәрестенің анасы ұсталды. Ол Кеңгір ауылының 18 жастағы тұрғыны екен. Тергеушілер алғашқы таққан айыптарын өзгерткен. Әйелге қазіргі таңда “Жаңа туған сәбиін өлтірмек болды” деген айып тағылды”, – дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Сәбидің анасы тергеу изоляторына тоғытылмаған. Дегенмен онымен қазір тергеушілер жеке жұмыс істеп жатыр екен. Полицейлер өзге мәліметтер берген жоқ. Ал Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаменті жас ананың денсаулығына қатысты пікір білдірді.
“Әйелді полицейлер ауруханаға жеткізіп, оның далаға тасталған сәбидің анасы екенін айтты. Дәрігерлер оны қарап, УЗИ-ге түсіріп, жақында ғана босанғанын анықтады”, – дейді баспасөз қызметінің жетекшісі Айжан Иса.
Еске сала кетсек, жаңа туған сәбиді Кеңгір ауылында қоқыс жәшігінен Людмила Экзарзова есімді әйел тауып алып, әлеуметтік желіге жариялаған еді.