Алматы облысы Іле ауданы Ақши ауылындағы үйдің әжетханасынан жаңа туған нәресте табылды.
Бұл туралы осы оқиғаның куәгеріне сілтеме жасап, Tengrinews.kz хабарлайды.
Куәгердің айтуынша, дүниеге келген қыздың салмағы 3,3 келі.
“Кейбір мәліметтерге сүйенсек, аяғы ауыр әйел әжетхананың ішінде туған. Нәрестені төрт метрлік шұңқырдан алып шықты”, – деді куәгер.
– Үйдің қожайыны әйелді көрмепті. Ол таңғы сағат 7-де нәрестенің жылағанын естіп, сыртқа шыққан. Содан жедел жәрдем қызметкерлерін шақырып, нәресте жергілікті ауруханаға жеткізілді. Кейіннен оқиға орнына полицейлер келіп, сәби облыстық ауруханаға жеткізілді, – деді куәгер.
Облыстық балалар ауруханасы емдеу ісі директорының орынбасары Арман Тойбековтың айтуынша, нәрестенің жағдайы қалыпты. “Қызға аздап суық тиген, бірақ дене температурасы қалыпты. Ауруханада тағы 10 күндей ем алады”, – деді дәрігер.
Айта кетелік, 3-шілдеде Қапшағай қалашығының „Стройтельный„ бау-бақша копперативі аумағында шөп арасынан жаңа туған сәби табылған. Шақалақты ауруханаға жеткізгенмен, өкінішке қарай, ақ халаттылар оны аман алып қала алмады. Дәрігерлердің айтуынша, бала қатты тоңып қалған. Сәби мерзімінен бұрын туған, оның салмағы 1,4 келі болыпты. Қазір шетінеген қыздың анасы іздестіріліп жатыр.