Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
4
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Жер сілкінісінен қорғануды пысықтайтын оқу-жаттығу: Алматыда дабыл іске қосылды

290

Алматы – жер сілкінісіне бейім қала. Сондықтан бұл қауіптің алдын алу, ол туралы алдын ала халықты құлақтандыру шаралары бір жолға қойылған. СМС хабарлама арқылы төтеншеліктер алматылықтарды бұл жайттан ұдайы хабарлап отырады. Оған қоса қалада дабыл белгісі орнатылған. Оған қатысты оқу-жаттығу жұмыстары да жылына бір рет жүргізіледі. Биыл ол 5-қазанда өткізілді.

Сағат тілі 12-55-ті соққанда ғимараттарда алғашқы сақтану шаралары жүзеге асырылды. Жылына бір рет ұйымдастырылатын жалпы сеймикалық жаттығудың биылғы ерекшелігі қандай?

Алматыда 7 балдық жер сілкінісі болғаны туралы дабыл, әрине, шын емес. Бұл – қауіпсіздікті пысықтайтын көрініс. Мегаполисте бір мезетте 506 электросирена қосылып, ақпарат құралдарында ескертулер жарияланды. Кең көлемді оқу-жаттығудың алғашқы нысаны орта мектеп ғимаратында өтті. Төтеншеліктер мұндағы оқушылардың жер сілкінісі қаупіндегі қарекетіне көз жүгіртіп, мәліметтерімен бөлісті.

Тас басыңа түссе, жаман болады. Соған икемделу керек. Жер сілкінгенде тез шығу керек. Оқу-жаттығудың негізгі бөлігі Алаш стадионында жалғасты. Қауіпсіз нүктеге азаматтық қорғаныс, әуе-құтқару қызметі мен басқа да құзырлы орган өкілдерінен құралған 175 адам мен 45 техника жұмылдырылды. Алғашқы міндет ғимарат астында қалғандарды алып шығу. Жедел жәрдем мен құтқару қызметі бірлесіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге жеткізді. Мұнара басында қалған адам да дер кезінде құтқарлды.

– Үш адамға көмек көрсетілді. Біріншіден, жүрек-өкпе реанимациясы жасалды қолменен. Екіншісіне бас жарақатына арнаулы павязка жасалынды. Үшіншісіне, ашық қан кету болғандықтан, арнаулы байлау көмектері көрсетілді, – алғашқы көмек үйлестірушісі Ләззат Ибрагимова.

Жалпы, қалалық сейсмо оқу-жаттығуларының аясында қауіпсіз жер саналатын нүктеде зілзаладан зардан шеккен тұрғындарға арналған уақытша 20-ға жуық шатыр тігілді. Оларға, азық-түлік, сусын және 6 және 10 орынға жоспарланған жатын орындары ұсынылады. Толықтай эвакуациялық жұмыстар аяқталмайынша, уақытша тұрғындарға осы жерде тұрақтауға тура келеді.

– Жаттығудың ерекшелігі – қала халқын толық тартқанымызда, – дейді төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері.

Ал тұрғындар зілзала болған жағдайда, ол туралы егер сәл ерте естісе, далаға шығуға тырысу керек. Үйден жүгіріп шығу керек. Немесе табалдырыққа тұру керек. Столдың астына кіру керек.

Шындығында, үйде, жұмыста немесе өзге де ғимараттарда отырғанда жер сілкінсе, не істеу керек?!

– Бірінші, радиоқабылдағыштарды қосып, айтылған іс-әрекеттерді бұлжытпай жасау керек. Екіншіден, ғимараттардан шығып, өздерінің қауіпсіздік зонаға баруға тиіс. Алматы қаласында ондай нүктелер 127, ол 8 ауданда орналасқан, – Алматы қаласы ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамедова.

Шаһардағы кең көлемді оқу-жаттығу бір сағатта өз мәресіне жетті. Осылайша, сейсмикалық дабыл мұндағы жұртты дүр сілкіндіріп, кез-келген жағдайға дайын болу қажеттігін тағы бір еске салды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз