Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Жедел жәрдем дәрігерлері жаралы адамды құтқара алмағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін

Жол апаты бола салысымен, жұрт кінәлі жүргізушіні емес, дәрігерлерді жерден алып, жерге салып жатыр. Айтуларынша, ақ халаттылар қансыраған кісіні жедел жәрдем көлігінің ішіне жатқызып қойып, оны ауруханаға жеткізуге еш асықпаған.

Жұрттың айқайынан соң дәрігерлер жаралы азаматты ауруханаға әкеткен. Алайда, 43-жастағы такси жүргізушісі жарты жолда көз жұмды. Марқұмның жесірі енді жылдам қимылдаудың орнына, жүріп алған жедел жәрдем қызметкерлерін сотқа бермекші.

“Уколын салған да, машина ішіне кіргізіп, есігін жауып кеткен. Сол машинаға салғаннан кейін апару керек еді. Мүмкін тірі қалар ма еді. Шамалы бір сағат болса да көретін едік қой”, – дейді марқұмның жесірі Гүлмира Дүйсенбаева.

Ал жедел жәрдемдегілер өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, оқиға орнына жіберілген бригада жол апатынан жараланғандардың бәріне бірдей көмек көрсетуге міндетті.

“Жол-көлік оқиғалары кезінде іс-қимыл алгоритмі бар. Сол алгоритм бойынша жол-көлік оқиғасы орнына бірінші барған бригада сортировка жасайды. Бұл фельдшердің жасаған сортировкасы дұрыс деп есептейміз. Себебі, ол бірінші ең ауыр науқасты алып, машинаға салып, оған көмек көрсеткен. Себебі, одан басқа да 3 науқас бар ол жерде”, – дейді Қызылорда облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова.

Сөйтіп, бірінші жеткен бригада келесі көлікті күтіп жүргенде уақыт созып алған. Ал жол апаты мына Мерседес мінген жігіттердің кесірінен болыпты. Жаңа төселген асфальттің үстімен жарысқандар, бұрылыста тұрған таксиді соққан. Сөйтіп оны сүйрелеген бойы келесі көшедегі Ішкі істер департаменті ғимаратының алдына барып бір-ақ тоқтаған.

“Қайта-қайта аварийкасын жақты.  Қасындағы машинаға жарысайық деп белгі берді. Сосын  екеуі жарысты”, – дейді оқиға куәгері Абылайхан Оспанов.

Алайда жылдамдықты асырғандардың оңай құтылатын түрі бар. Өйткені, екі бірдей Мерседестің жарысқанын көргендер болса да, полицейлер абайсызда болған оқиға деп іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеуді бастағандар тіпті жүгенсіз жүргізушілерді қамаққа да алмаған.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз