Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Жасыл” энергия: күл-қоқысты кәдеге жарататын тағы екі жоба қарастырылуда

465

Сенатордың айтуынша, Қазақстан бұл бағытта мүлде мүлгіп отыр деуге келмейді. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, пайдаға жаратып жатқан жобалар баршылық. Алайда олардың әлеуеті бүкіл республика қалдықтарының «басын қосуға» жетпейді. Бұл ретте бізге үлгі болатын бірден бір ел – Швеция. Олар қатты тұрмыстық қалдықтардың бірін қалдырмай өңдеп тастайды екен. 1975 жылы бұл ел қалдықтардың небәрі 38 пайызын ғана өңдеген. Демек, соңғы он жылдықта шведтер қоқыс өңдеу тұрғысынан нағыз төңкеріс жасай алды деуге негіз бар. Қазір ол мемлекет тіпті қоқыс таппай, қыл аяғы қалдықтарды басқа елдерден импорттауға мәжбүр. Себебі, тұрмыстық қоқыстарды жоятын һәм өңдейтін стансалар әрбір аудан, ауылдың жанында орналасыпты. Қайта өңдеу бойынша Швед қауымдастығының бас директоры Вайн Виквисттің айтуынша,

Швеция қазір қоқыстардан энергия өндіру деңгейіне жеткен.

Оның үстіне, тұрғындар да ақылды. Газет, пластик, металл, шыны, электр құрылғысы, лампа сынды заттарды бөлек-бөлек тастауға үйренген.

Дегенмен біз бірден осы деңгейге секіреміз деуге келмейді. Қызыққанда да абайлап қызығу керек. Бұл орайда сенаторлар жөн сөз айтып отыр. Олар: «Алдымен – мемлекеттік мекемелер елдімекендердің санитарлық жағдайы мен айналасындағы қоқыс үйінділеріне ерекше көңіл аударып, тиімді шаралар қабылдауы керек; тұрмыстық қалдықтар орналасқан орындарды бақылауға алып, оның қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргізген жөн; қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолдау көрсету керек; халықтың экологиялық сауатын жетілдіру шараларын белсенді жүргізу жолдарын қарастырған абзал» дейді. Дұрыс-ақ. Бастапқыда осы шаруаларды шешіп алмайынша, Швецияның деңгейіне ұмтылу қисынсыз болары сөзсіз.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше,

былтыр еліміз бойынша 4,8 млн тонна қалдық шығарылған. Оның көп бөлігі Қарағанды, Алматы, Қостанай, Павлодар облыстарына тиесілі.

Әлбетте, Астана мен Алматы да тұрмыстық қалдық «өндіруден» көш басында тұр. Жан басына шақсақ, әрбір адам 270 келі қалдық зат шығарған. Былтыр Алматы да R4 Partners халықаралық бизнес-форумы өтіп, дәл осы мәселе талқыға түскен. Форумда италиялық FISE UNIRE басшысы Андреа Флуттеро да, Еуропа қайта құру және даму банкінің еліміздегі директоры Агрис Прейманис те өз ойымен бөліскен. Соның ішінде Азия даму банкінің басшысы Джованни Капанеллидің пікірі қолайымызға жақты, аздап шымбайымызға да батты.

«Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша Орталық Азия елдерінің қай-қайсысының да жағдайы мәз емес. Бұл ретте қоқыстарды игеруі тиіс инфрақұрылымдар мен қаржылық құрылымдар әлсіздік танытып отыр. Мәселен, күніне 13 мың тонна қалдық жиналса, Қазақстан тек соларды жинап шығумен ғана шектеліп отыр» дейді ол.

Келіспеске шара қайсы? Қазір сыртқа шығарылған қоқыстардың 5 пайызын ғана өңдеп отырмыз. Мұны Қазақстанның экологиялық ұйымдары Басқармасының басшысы Айгүл Соловьева айтты. Әлгі 5 пайызбен әлемдегі 162 елдің ішінде 39-орында тұрмыз. Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жақсы жабдықталған зауыттардың жоқтығы, технологиялардың жетіспеушілігі, қоғамда әр қоқысты сұрыптап, бөлек тастау жүйесінің жетілмеуі де бізді аяқтан тартып келеді. Бір-бірімен бытыса араласқан тонна-тонна қоқыстар солайымен полигонға төгіледі де, жан-жағына адам төзгісіз улы ауа таратпақ. Бұдан ауа райы өзгереді, климат сұрқай тартады, табиғи ландшафтар қайта қалпына келместей болып «ренжиді» екен. Енді алдағы 20 жылда тұрмыстық қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50 пайыздық межеге жеткізе алмасақ, экологиямыз біржола тұралауы ықтимал. Бұған адамның ішкі мәдениетін де қосыңыз. Көрінген жерге қоқыс лақтыру, әрбір қалдықты жеке-жеке бөліп тастамау – зиян үстіне зардап жамап, ауруды асқындыра түседі.

Еуропалық елдер сияқты қоқыстан пайда табуды да әзір армандай алмаспыз. Рас, шетелде бұл – кәдімгідей бизнес. Дамыған елдер керексіз болып қалған қағаздардан, әйнек сынықтарынан, бөтелке мен пластиктен де жаңа зат шығарып, қоқыстарға «екінші ғұмыр» сыйлап жатады. Әрі материал үнемдейді, әрі ақша табады. Қажет десеңіз,

борсып кеткен тамақтың қалдығынан да биогаз өндіріп алатын пысықайлар бар.

Бізге тым құрығанда:

  • Францияның қоқыстарды парализ әдісімен жоғары температурада күйдіруін; (атмосфераға зиянды газ тарамайды)
  • Қоқысты селекциялық тәсілмен жинап, алюминий мен әйнекті қайта өндіріп алуын;
  • Қытайдың қоқыс жинайтындарға күн сайын ақы төлеп тұру әдісін;
  • Жапония секілді қағазға бөлек, пластикке бөлек, темір мен жанғыш заттарға әртүрлі контейнер қоюды;
  • Сауда орталықтарында тегін пакет таратпауды неге үйренбеске?

Бұл салаға капиталы бай бизнесмендер араласса, мемлекет пен кәсіпкерлер тізе қосып еңбек етсе, полигондарда көміліп жатқан қоқыстарды аршып алып, жаңа өнімдер дайындауға мүмкіндік мол. Ол үшін қайта өңдеу зауыттары, жоғары температуралы пештер, қоқыс сұрыптайтын құрылғы мен жүк көліктері керек, дейді мамандар. Жалғыз біз емес, дамушы елдердің қайсы болмасын қоқыс сұрыптау тұрғысынан Еуропа елдеріне ілесе алмауда. Себеп жетіп артылады: сұрыптай қоятын мықты технология жоқ, қажетті ресурс тапшы дегендей. Алайда біз жіберіп отырған ең басты кемшілік – халықтың әлі де болса қоқыстардың экология мен экономикаға үлкен қауіп төндіретінін толық сезінбеуінде секілді.

Алматы қалалық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Талғат Қамбетовтың айтуынша,

қазір Алматының бүкіл қоқысын құшағына еркін сыйдырып өңдейтін зауыт салынып жатыр екен. Біраздан бері жырға айналған зауыт тіпті осы шілде айында да ашылып қалуы бек мүмкін.

«Жалпы, қазіргі таңда қала бойынша жылына 650 мың тоннадай тұрмыстық қалдық шығарылады. Оның бәрі Қарасай ауданындағы полигонға апарып төгіледі. Ол қаншама жерді алып босқа жататындықтан, қоршаған ортаға зиян келтіретін. Енді қазір қаланың шетіндегі Алғабас ауылында салынып жатқан зауыт пайдалануға берілсе, біраз мәселе шешімін таппақ. Дәл қазір ол зауыт қоқыс атаулының қанша пайызын өңдейтінін тап басып айту қиын. Дегенмен 20 пайызын өңдеді дегеннің өзін де біраз көмек болмақ. Бұрын полигондарға әкелінген барлық қалдықтар қабылдана беретін. Соңғы уақытта қоқыс саясатына қатысты заңға да өзгерістер енгізілуде. Сол жаңалықтардың бірі – 301 бапқа сәйкес, енді полигондар тұрмыстық қалдықтардың бәрін бірдей қабылдамайды. Шектеу бойынша – жарылатын, коррозиялы, қышқылданатын, өрт қаупі бар қалдықтар, сумен реакцияға түсетін заттар, пестицидтер, медициналық қалдықтар, әйнек сынықтары сияқты заттар полигонға жіберілмейді», дейді Талғат Мұсаұлы.

Тұрмыстық қалдықтар туралы әңгіме қозғағанда KazWaste қазақстандық қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастыққа хабарласпай өте шыға алмаймыз. Осы қауымдастықтың басшысы Шынболат Байқұловтың сөзінше, полигонға келіп түсетін қалдықтар қоршаған ортаға және жер асты суларына орасан зиян келтіретін көрінеді. Сондықтан оларды құр жойып жібермей, өңдеу керек. Ал еліміздегі қалдықтарды өңдеумен айналысатын 130-ға жуық мекеме жабылып жүріп жылына бүкіл қалдықтың тек 9 пайызын ғана еңсере алады. Көбіне қағаз қалдықтары, картон, макулатуралар қайта өңдеуге жіберіледі. Мәселен, жаңа үлгідегі канализациялық қақпақтар іске жарамай қалған бөтелке мен құмды араластыра отырып жасалады екен. Түрлі төсемдер, плиткалар, төбедегі шатыр жабындары да – осы тұрмыстық қалдықтан шыққан «туындылар».

– «Жасыл энергия» аясында тағдыры тұрмыстық қалдықтармен байланысты екі жоба қарастырылуда. Астанада қалдықтарды реттейтін және биогаз шығаратын зауыт мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы ақпараттар мамыр айының басында шыққан еді. Бірақ одан бері қандайда бір жаңалық жоқ. Алайда біз өз мақсатымыздан таймаймыз, алдымен қалдықтарды өңдеу мәселесін біржақты еткіміз келеді. Ол үшін 2030 жылға дейін тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді 30 пайызға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Шынболат Байқұлов.

Бұрын қоршаған орта министрлігі деген болған. Кейін аталған ведомство тарап, табиғат пен тұрмыстық мәселелер энергетика министрлігіне қосақталған. Онсыз да бензин мен мұнай бағасын ойлап басы қатып жүрген Қанат Бозымбаев 9 пайыздың өзіне тәубе деп отыр. Оның айтуынша, 2016 жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың небәрі 2,6 пайызы ғана қайта өңделген. Ал еліміз бойынша экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сай келетін полигондардың үлесі – 16 пайыз ғана. Министр 2030 жылға таман еліміз гүлденіп, полигондар 95 пайызға дейін талаптарды қанағаттандыратын болады деді.

Сонымен қатар, 2018 жылдың желтоқсанына дейін жаңа Экологиялық кодексті әзірлемек.

Кодекс жобасы 2019 жылдың желтоқсан айында Парламентке жөнелтілуі тиіс. Расымен де, қолға алынса бұл шаруа да көңілге медеу боларлық іс. Бозымбаевтың уәдесі бұл. Ал біз бен сіздің міндет – тұтынған затымызды бейберекет лақтырмау, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамға қолдан келгенше күтім жасау.

Абай Аймағамбет

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз