«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының кезекті отырысы: «Интеграция және жаңа мәдени қатынастар жағдайындағы жастар арасындағы халықаралық әріптестіктің мүмкіндіктері» тақырыбына арналды.
Шараның шымылдығын түркен саясаттанушы Эдуард Полетаев өз сөзінде КСРО дәуірінде өмірге келген аға буын мен тәуелсіз елде дүние есігін ашқан жас буынның арасындағы айырмашылықты атап айтты.
«Содан да шығар аға буын мен өсіп келе жатқан жас буынның арасындағы көзқарас қайшылығы тез көзге ұрып тұр. Бұл тұрғыда әлеуметтік сауалнаманы Спутник ақпараттық агенттігі жүргізген болатын. Осы агенттіктің зерттеулеріне көз жүгіртіп өтсеңіздер.
Сауалнама нәтижесіне сенсек жасы 35-тен асқан аға буынның көпшілігі «КСРО кезінде қазіргіден әлдеқайда жақсы өмір сүрдік» деп санайды. Ал 18-бен 24 жастың аралығындағы жастар керісінше, қазір ол заманға қарағанда әлдеқайда жақсы өмір сүреміз деп санайды» деді ол.
Өз кезегінде саясаттанушы Андрей Чеботарев елімізде жастар саясатымен, жастар ісімен айналысатын ұйымдар жетіп артылатынын, бірақ нәтижесі шамалы екенін тілге тиек етті. «Атап айтар болсам, бұлар Қазақстан жастары Конгресі, Қазақстан студенттері, Жұмысшы жастар одағы, Қазақстанның ауыл жастары Одағы, Қазақстанның жастар парламенті, Қазақстанның жас депутаттар Қауымдастығы, Жас Ұлан, Жас қыран тағысын тағы, жетіп артылады.
Тарихшы Ләйлә Ахметованың айтуынша мемлекетіміз жастар саясатымен тұрақты түрде айналыспағандықтан жастарды назардан тыс қалдырдық. «Осының кесірінен олар дінге кетті. Адасты. Арпалысты. Олар өз мемлекетінің өздерінен бас тартқанын түсінді. Иә, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында жастар ісімен айналысатын құрылымдар бар. Бірақ, олар да ілгеріде айтып кеткендей тек керекті кездері ғана көрінеді. Айталық, мерекелік іс-шаралар кезінде ғана бас қосады» деді ол.
Ғалым Мәдина Нұрғалиеваның пікірінше еліміздегі жастардың саны 4 млн. Олардың 60 пайызы ауылдарда. Көпшілігі қазақтілді.
«Біз олардың психологиясын толық білмейтінімізді жасырмағанымыз жөн. Бәлкім, олардың өмірге, мемлекетке деген көзқарасы бізден қарағанда әлдеқайда озық болуы мүмкін» деді ол.