Оралдағы «Ақжайық» футбол клубының ойыншылары мен қызметкерлері жарты жылдан бері жалақы алмапты. Себебі, биыл жергілікті бюджеттен ақша бөлінбеген. Ал жоспарланған 400 миллион теңге тасқын салдарын жоюға жұмсалыпты.
Қазір футбол клубы жекенің қолында. Былтыр бюджеттен қарастырылған 1 миллиардты 400 миллион теңгеге дейін қысқартып тастаған. Бұл жағдай команда Премьер-лигадан шығып қалғаннан кейін орын алыпты. Биыл мүлдем бір тиын алмаған.
«4 жылдың ішінде 800 миллион өзімнің қалтамнан салынды. 20 шақты тренеріміз қысқарды, 400 баламыз қысқарып қалды былтырғыдан биылға. Тренерлеріміз бар, футболшыларымыз бар, бес ай күтіп, қазір маған мүмкіндік беріп… Ол деген футболға деген қызығушылықтары өздерінің», – дейді «Ақжайық» ФК Президенті Гүлдария Кауиева.
«Ақжайықтың» иелері бұл команданы мемлекетке қайта қайтарудың амалы болуы мүмкін деп күдіктенеді. Ал облыстық спорт басқармасындағылар ақша бөлінгенін айтып отыр. Бірақ мемлекеттік сатып алу байқауы жыл басынан бері екі рет жарияланып, құжаттары дұрыс болмай кері қайтарылған.
Айтуларынша, одан кейін тасқын болып, ел әбігерге түскенде қаржы басқа салаға аударылған екен. Сондықтан шенеуніктер балалар командасын қалайда қаржыландырамыз, ал ересектер өз мәселесін өздері шешсін, – дейді.