Жаңаөзендегі балабақшалардың бірінде дау шықты. Бұған бүлдіршіндердің бір төсекте екі-үшеуден жатып, кезекпен тамақтанатыны түсірілген бейнеролик түрткі болған.
Ал видеоны бала күтуші түсіріп, ғаламторға жариялапты. Ол мұндағы кішкентайлардың санының көптігінен осындай қадамға баруға мәжбүрміз дейді. Алайда мекеме басшылығы өз қызметкерлерінің бұл сөзін теріске шығарды, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Алайда мекеме басшылығы мен өзге қызметкерлердің айтуынша бұның барлығы жалған екен. Бейнетаспадағы көрініс қасақана жасалған қойылым деп ақталды. “Барлығы жақсы, барлығы жеткілікті.Әр топта 20 баладан 20 тәрелкесі, 20 қасығы, ыдыстары барлығы жеткілікті”, – дейді балабақша әдіскері Гүлнар Жолмағамбетова.
Балабақшадағы бұл жанжал облыстық білім басқармасындағыларға да жетіпті. Олар видео авторы мен мекеме директорының жұмыстан қуылғанын айтты. Әйтсе де, құрал-саймандардың жетпей қалуы мүмкін емес деп отыр. Ал дау жеке бас араздығынан болған көрінеді.
“Білім басқармасының тапсырмасымен дереу Жаңаөзен қаласына шықтық. Барып зерттеп жағдайды қарадық. Басшысымен және де ұжымымен сұхбаттастық. Басшы мен тәрбиешінің арасындағы келіспеушілік болған”, – дейді Маңғыстау облысы білім басқармасының қызметкері Сұлу Еламанова.
Шенеуніктердің айтуынша, істің анық-қанығы толық тексерістен соң белгілі болады. Ал жетіспеушілік расталған жағдайда бірнеше жыл бұрын ғана ашылған балабақшаның басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.