Жамбыл облысында несие тарататын мекемеде істейтін келіншектің үстінен қозғалған іс қаралды.
Бұл туралы ҚР Жоғары сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Тіркелген істегі мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылдан бері «Финанс» шағын несие ұйымында несие бойынша сарапшы болып істейтін келіншек өзінің қызметін асыра сілтей пайдаланып, көп адамды сан соқтырған. Ол адамдардың сеніміне кіріп, несие тіркету үшін құжаттарын алып, қол қойдыртқан. Бірақ несие ақшаны өзі алып, борышты өзі төлейтінін айтқан. Бірақ несие төленбеген.
2010 жылдан бері алаяқ келіншек тура осылай елді алдап, 97 несие тіркетіп шамамен 30 млн теңгені иемденген.
Сот келіншекті бұл алаяқтығы үшін 2 жыл бас бостандығынан айырды. Қылмыстық жолмен табылған барлық мүлкін тәркілеп, зардап шегушілерге алдап алған 29 млн 324 мың 059 теңгені қайтарып беруді міндеттеді.