Жамбыл облысында көлік терезесінен лақтырып жіберген сәбидің өлімі бойынша ақыры ешкім жазаға тартылмады деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Судья Ғалымжан Нұрлықұловтың мәлімдеуінше, ол әйел қылмысты жасаған кезде есі дұрыс болмаған. Сондықтан оның кінәсі болса да ҚР Қылмыстық Кодексінің 16-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Яғни, сотпен „жынды„ деп танылған Бақытгүл Байсенгиреева енді тергеу абақтысынан жындыханаға алмастырылатын болды.
Дүние есігін аша салысымен, о дүниелік болған шақалақтың 16 жастағы анасы жігіт жақпен ымыра мәмілеге келген. Соған байланысты қылмыстық іс жабылған.
Ал көлік жүргізушісінің кінәсі толық дәлелденбегендіктен іс сотқа жеткізілмей тоқтатылған.
Жаға ұстатарлық бұл оқиға қаңтар айының басында Талас ауданының Үшарал ауылы маңында болғанын айта кетейік. 58 жастағы әйел көршісінің көлігін жалдап, ауруханаға бара жатқанда жүкті қызы босанып қалған. Анасы көлікті тоқтатпастан, шақалақты туа салысымен, терезеден лақтырып жіберген. Тас жолға басымен түскен нәресте сол жерде шетінеп кеткен.