Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
9
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Өзбекстан Оңтүстік Қазақстанмен қарым-қатынасты оңтайландыруға мүдделі

112

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев пен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша Елшісі Ильхом Неъматов кездесіп, қос мемлекеттің туыстық қарым-қатынасын одан әрі жақсартып, дамыту жайын талқылады.

Жиынға ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында Өзбекстанның Мақтаарал ауданының территориясында орналасқан М-39 автожолын (887,8 шқ. – 911,9 шқ.) қайта жаңартып пайдалану жайы қаралып, аталған учаскеден өткізу бекетін салу мәселесі сөз болды. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін 89 шақырым жолды жүріп өтіп, Ташкенттен Самарқанға Жызақ арқылы айналып өтіп қатынаған тұрғындар енді 24,5 шақырымды басып өтіп, мақсатты мекенге бара алатын болады.

«Автожол қайта жаңарып, пайдалануға берілгенде 65 шақырымдай жол қысқарады. Бұл қос мемлекет халықтарының туыстық қарым-қатынастарын одан әрі нығайтып, арадағы сауда-саттық пен туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Өзбекстан астанасы Ташкент пен Оңтүстік Қазақстан облысының байланысы күшейе түседі деген үміттемін», – деді ҚР Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Мылтықбайұлы.

Өтембаевтың айтуынша, шекаралық аймақта арнайы бекет салынып, тауар айналымына бақылау күшейгенімен, салық салынбайды. Қайта жаңғырған автожол 2017 жылдың ақпан айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Ал, түс ауа жұмысшы топ аталған жоба бойынша екіжақты келісімге келіп, арнайы меморандумға қол қойды. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Скляр мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша елшісі Неъматовтың арасында түзілген құжат халықаралық экономикалық байланысты нығайтып, тауар айналымын жақсартуға сеп болады деген сенім бар. Аталған мәселе бойынша Қазақстан тарапынан жасалған жан-жақты қолдауларға алғысын білдірген өзбек елшісі бұл қадамның көршілес елдердің ынтымақтастығын арттыратын жақсы бастама екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, көршілес мемлекеттің Мырзашөл арқылы өтетін М-39 автожолы 2006 жылы жабылып, жергілікті тұрғындардың барыс-келісін қиындатқан еді. Енді жаңадан түзілген меморандум бұл мәселені оңтайлы шешіп, қарым-қатынасты тереңдететіндігі анық.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз