Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-3
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

«Қытайдан емес, қазақтың жемқорларынан қорқу керек» — кәсіпкер

Әрине, алғашқыда қорықтым. Себебі, біздің елде “қытайлар арам, әрі залым, Қазақстанды басып алғысы келеді” деген пікір қалыптасып қалған ғой.

Алайда іс жүзінде қытайлар біз туралы шала-пұла білетін болып шықты. Одан қалды, біз оларды қызықтырмайтын сияқтымыз. Қытайлар ойы АҚШ, Канада мен Австралияда екен.

Бұдан бұрын мен Қазақстанға қонақ болып келген қытайлық әріптестерім туралы жазғанмын. Осы жазбада қазақстандық және қытайлық азаматтардың виза алуда қиындықтарға тап болатынын айтқан едім. Күні кеше досым Ернар Дүкенбаев Қазақстанда жиі айтылатын Қытай экспансиясына қатысты өз көзқарасын аса ұқыпты жеткізіпті.

Олар экономиканың сүбелі жеріне ауыз салады. Құнарлы жер, мұнай кендері. Оларды осы қызықтырады. Олар экономиканың ақша айналымы жақсы жүретін салаларында мықтап отырып алған.

Бірақ, бұған қытайлар кінәлі ме?  Жоқ.

Бұған біздегі жемқорлық кінәлі екеніне бек сенімдімін.

Айталық, ілгеріде айтқан АҚШ пен Канада, Жаңа Зеландия қытайлардың “тасқынынан” қорықпайды ғой. Себебі, ол жақтағы көші-қон заңнамалары аса қатал әрі күшті жұмыс істейді. Сосын бірдеме дәметіп тұратын жемқорланған шенеуніктер атымен жоқ.

Ал бізде қалай?

Алматы мен Астанадағы көші-қон полициясының айналасында ірілі-ұсақты фирма ашып алған жүгірмектер толып жүр. Ақша берсең олар бәрін шешеді.

Қазақстанда жүру уақытыңды созып береді. Тіркеуге тұрғызады, тіпті ықтияр хат жасап береді (Қазақстанда жүріп-тұруына мүмкіндік беретін бір жапырақ қағаз). Ал виза?.. Визаның жүгі тіпті жеңіл.

Кез-келген қытай арнайы фирмалар арқылы Қазақстанға баратын кез-келген визаны ала алады. Туристік болсын, іскерлік болсын бәрібір…

Мәселе бағада ғана.

Айталық, менің қытайлық достарым виза алу үшін 1500 доллар санап берді. Бұл ақшаның бюджетке кетпегені, астыртын құрылған компаниялардың қалтасына түскені бесенеден белгілі. Қысқасы, Қазақстанға келгісі келген қытай келеді, қалады. Бұған біздің ағалар көмектеседі алдымен. Бұдан бәрінен адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер жапа шегеді. Айталық, менің қытайлық әріптестерім Қазақстанға инвестиция әкелгісі келеді. Бірақ, олар Қытай мен Қазақстанның арасында жиі қатынауға мәжбүр. Біздің екі елдің арасында шапқылап жүретін қазақстандық кәсіпкерлерге де қатысты. Ал визаны оңайшылықпен бермейді (Қытайға берілетін бір жылдық жолдама үшін туристік компаниялар 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін сұрайды. Бұл ақша да Қытайдың бюджетіне түспейді).

Бір нәрсені мойындауымыз керек. Қытай бізге көрші. Біз оған көршіміз. Мұны пайдалануымыз керек. Қытайға, Гонконгқа экспортты арттырған маңызды. Тиісінше, Қытайдан Қазақстанға инвестиция тартқан маңызды. Қытай бізбен жұмыс істегісі бар. Бірақ қолдан жасалған кедергі көп.

Менің пікірім: шетелдік көші-қон немесе басқалай заң бұзды екен бірден жазалау керек. Қоныс аударту қажет. Алайда жазаламайды.

Біздің шенеуніктер ақша үшін көп нәрсеге көз жұма қарайды. Қытайдан қорықпау керек. Керісінше, біздің жемқорланған шенеуніктерден қорқыңыздар.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз