Үкіметте елдегі байланыс пен интернет сапасына сын айтылды. Қарша бораған халықтың шағымы өз алдына. Былтыр байланыс сапасына 21 мың тұрғын шағым айтса, биылғы 5 айда 11 мың адамнан арыз түскен. Осы мәселе көтерілген Үкіметтің бүгінгі жиынында тіпті премьер-министрдің өзі аймақтармен байланыса алмай қалды. Олжас Бектенов бұл жолы цифрлық даму министріне проблеманы шешуге үш ай уақыт берді.
«Мәселе тек шалғай елдімекендерде интернеттің нашар болуында емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының көңілден шықпауы байқалады. Шекара өткізу пункттерінде де байланыс пен интернет сапасы тұрақсыз. Бұл көліктер мен адамдар ағынының шекарадан өтуіне кедергі келтіреді. Осы мәселе жедел шешілуі керек», – дейді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Су жаңа министр мәселені 5G ұялы байланысын қосып шешпек. Қазір 20 қалада мыңнан астам базалық станция орнатылған. 2025 жылдың соңына дейін ел түгел 5G аймағында болады-мыс. Министр Мәдиев интернеттің сапасына қатысты сұрақтар бар екенін мойындады, бірақ бұрынғы министр Мусин сияқты, «Токиодан асып түстік» демеді.
«Мен Токионың жылдамдығын өлшеген емеспін. Маған Қазақстандағы интернеттің жақсы болғаны маңызды, сол үшін жұмыс істеймін», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Мәдиев катарлықтарға сатылған Алтел/Теле 2 компаниясының құнын да айтты. Инвесторлар оны 1 млрд долларға сатып алған. Ал Илон Масктің интернетін елде әзірше тек мектептер қолданады. Starlink-тің бір құралының құны — 2 жарым мың доллар. Мектептер бұл интернет үшін айына 140 мың тг төлейді. Қазір Маңғыстау мен Қызылорда облыстарынан басқа аймақтарда 1400-ден астам білім ордасы Starlink-пен жабдықталыпты.
«Жыл аяғына дейін осы өңірлерге Starlink терминалдарын таратамыз. Мектептер осы жылдың соңына дейін алады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.