Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Үйсіз жүргендердің статистикасы сарапшылардың күдігін туғызды

Биылдан бастап тұрғынүй қорын жылына 5 пайызға арттырып отырсақ, 2030 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының стандартына жетеді екенбіз. Бірақ, біздегі құрылыс қарқыны әлдеқайда төмен. Соңғы жылдар бедерінде орташа көрсеткішпен 0,7 пайызға ғана өсіп келеді.

Егер жыл сайын салынатын баспана көлемін мұқтаж адамдарға шағатын болсақ, 1 шаршы метрге жетпейді. Мәселен, 2015 жылы пайдалануға берілген жаңа баспаналар қорын әрбір үйсіз жүрген адамға үлестірсе, 0,51 шаршы метрден ғана тиеді екен. Былтыр 0,59 шаршы метрді құрапты. Биыл 0,63-ке жеткіземіз деген жоспар бар.

Жыл басынан бері 7 ай ішінде елімізде 6 миллион 200 мың шаршы метр баспана салыныпты. Оның басым бөлігі қалада екені түсінікті. Тек қала аумағында салынатын баспана көлемі былтырғы жеті айға қарағанда биыл миллион шаршы метрге жуық арта түскен. Есесіне, ауылдық жерлерде айтарлықтай аз.

Баспанаға мұқтаж адамдар қатарының көп екенін нарық сарапшылары да растайды. Тек ресми ақпаратта айтылғандай 2 жарым миллион емес, одан да көп екен.

“Біздің есептеуіміз бойынша, екі жарым миллион деген біршама азайтып айтылған дерек. Шынтуайтына келгенде 3 миллионға дейін барады. Өйткені, Астана мен Алматыда құрылыс қызып жатқанымен, аймақтарда ондай қарқын жоқ. Жұртқа баспана жетпейді. Алматының өзінде тіркеусіз жүргендер қаншама”, – дейді Homesters.kz сайтының сарапшысы Наталья Лутченко.

Дегенмен, баспана құрылысы нарығында мемлекет белсенділігі артып келеді. Оны мына деректерден көруге болады. Осы салаға құйылған жеке қаражат көлемі былтырғыға қарағанда 22 миллиард теңгеге кемісе, мемлекет керісінше 2 есеге арттырған. Шетелдік инвестиция да 8 миллиард теңгеге өсіпті.

Әлгі айтылған адам басына 1 шаршы метр деген межеге мемлекет тез қол жеткізгісі келіп отыр. Ол үшін құрылыс кенжелеп тұрған ауылдық аймақтарға жете мән бермекші. Сөйтіп, келер жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспананың басым бөлігін қалада емес, ауылда салуды жоспарлап отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз