Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Универсиада кезінде қызмет көрсететін мекемелер іріктелгелі жатыр

Алматыда барлығы 137 қонақ үй және 2000-ға жуық қоғамдық тамақтандыру мекемесі қызмет етеді. Бағдарлама аясында қонақ үйлер, кафе мен мейрамханалар Универсиаданың құрметті серіктесі деген мәртебеге ие бола алады. Бұл үшін мекемелер нақты бір өлшемдерге сәйкестігі жағынан іріктеуден өтуі керек болады.

Алматы қаласының Туризм және сыртқы байланыстар жөніндегі басқарма басшысы Тимур Дүйсенғалиев Универсиада серіктесін таңдау бағдарламасы 7 қарашада іске қосылатындығы жөнінде хабарлады. Бағдарламаға қатысу не қатыспау – мекеменің өз еркінде деп баса атап өтті басқарма басшысы.

– Бұл – толығымен ерікті іс. Біз Универсиаданы туризм саласында қызмет етіп отырған кәсіпорындардың кірісін арттыруға арналған мүмкіндік ретінде қарастырып отырмыз. Бағалау комиссиясына туризм саласының, билік және қоғам өкілдері кіретін болады. Бұл өзінше бір сапа белгісіне айналмақ», – деді Тимур Дүйсенғалиев.

Бағалау өлшемдерін Қазақстан Туризм қауымдастығы Алматының мейрамхана иелері альянсымен бірлесе дайындады. Өтінімдердің шарттары мен үлгілері Алматы туризм басқармасының сайтында жарияланатын болады

Универсиада дирекциясының басшысы Наиль Нуров түсіндіргендей, үлкен-кішілі кез келген қонақ үй, мейрамхана немесе дәмхана мәртебесіне қарамастан бағдарламаға қатыса алады.

«Универсиада студенттер арасындағы ойын болғандықтан, кең жұртшылыққа барынша қолжетімді болуымен ерекшеленеді. Сондықтан біз бес жұлдызды қонақ үйлерге емес, бірінші кезекте, бюджеттік қонақ үйлер мен хостелдерге, қымбат емес кафелерге айрықша мән беріп отырмыз. Есігіміз түгелдей барлығы үшін ашық. Ең бастысы – бәрі барынша қауіпсіз әрі сапалы, таза, көрікті және ыңғайлы болуы тиіс», – деді басшы.

Сондай-ақ, Наиль Нұров Универсиада серіктестеріне арнайы тақташа мен сертификат берілетіндігін мәлімдеді. Ол Универсиада бейнелемесін бөлме-жайларды безендіру кезінде қолдануға мүмкіндік береді. Ұйымдастыру комитеті қонақ үйлер мен мейрамханалардың мәліметтерін Ойындар кезінде баруға ұсынылған мекемелер ретінде Атлеттер ауылында тұрып жатқан спорт делегация мүшелері арасында таратылатын ресми жолсілтемеге енгізеді.

Демек, құрметті мәртебеге ие болумен қатар, серіктестер 2017 жылдың 29 қаңтарынан бастап 8 ақпанына дейінгі аралықта Алматыда өтетін Универсиада күндері көптеген келушілерді қабылдауға мүмкіндік алмақ.

Ұйымдастырушылар Алматыға 5 мыңға жуық спортшы және делегация мүшесі, сондай-ақ, дүниежүзінің әртүрлі аймақтарынан 30 мыңға дейін турист келеді деп күтіп отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз