Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
9
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Тұрсынғазы Рахимовтың ізін кім жалғастырып жүр?

«Қатонқарай ауданындағы Шыңғыстай ауылында дүниеге келдім. Әке-шешем кәдімгі еңбек адамдары. Төртінші сыныпты тәмамдаған соң, отбасымызбен Семейге көшіп келдік. Сол кездері айтыс өнері дүркіреп тұр еді. Әсіресе, «Жекпе-жек» айтыстың өрлеп тұрған шағы. Кітапқа, әдебиетке құмар балалардың көбісі үйінде ата-анасымен бірге айтысты көріп өсті ғой. Сол секілді, мен де айтысқа жақын болдым, қызығушылығым артты. Сол ынтамен Семецдегі жас ақындар орталығының басшысы, жанашыры Дәмеш Омарбаеваға бардым. Бесінші сынып еді бұл. Сол ортада үлкен ақындармен танысып, өнерді тереңнен көре бастадық. Айтыстан бөлек поэзия мен дәстүрлі ән өнері де жаныма жақын болды», — дейді ол.

Жасұланның дәстүрлі ән өнеріне деген сүйіспеншілігін Семейден шыққан жергілікті әнші-композиторлар ашқан. Уақыт өте келе, ол еліміздің үлкен сахналарында ән салған дүлдүлдермен де таныса бастайды.

«Санақ Әбеуов, Тұрсынғазы Рахимов, Берік Омаров, Толғамбай Сенбаев сынды ағаларымызға, Гүлдана Ноғайбаева апайымызға қарап, дәстүрлі әнге деген ерекше қызығушылық оянды. Осы кісілерге қарап бой түзедік, солардан көп нәрсе үйрендік. Әйгілі Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Санақ ағамыздан біртіндеп ән үйрене бастадым. Біздің жасымызға сай, мектеп баласына тән әндерді құлаққа сіңіре берді. Кейін дәстүрлі әннің нағыз классикасын да айта бастадық. Семейдегі әншілердің бәрін ұстаз тұттым. Ол кісілерден бойға сіңіргенім өте көп», — дейді Жасұлан.

Алматыға оқуға түскен Жасұлан бір жылдан соң белгілі себептермен Семейге қайта оралған. Осы кезде ол ұстазы Тұрсынғазы Рахимовтың алдын көріп, батасын алды.

«Семейде көптен бері жабылып қалған дәстүрі ән класы 2010 жылы қайтадан ашылыпты. Мұқан Төлебаев атындағы колледжде дәстүрлі ән класын Тұрсынғазы Рахимов жүргізіп жатыр екен. Сонда оқуға түсіп, төрт жыл бойы сол кісіден ән үйрені, тәлім-тәрбиесін алып, колледжді тәмамдадым. Семейдегі ағаларымыздан бөлек, Алматы мен Астана сахнасына ән шырқаған кісілерді де үлгі тұттым. Негізінен арқа ән мектебінің орындаушысымын. Қазақстанның шығысында өскендіктен, Алтай-Тарбағатай әндерін де жиі айтамыз. Бірақ арқа ән мектебіне келіп бас тірейтініміз рас. Жалпы айтқанда, қазақтың классикалық шығармаларын бөліп-жарудың қажеті жоқ. Әннің атасы Біржан салды, Ақан серіні, Үкілі Ыбырай, Мәди, Әсетті, бәрінің әндерін айтамыз. Әлі жас болғандықтан, әндерін түгел жаттап алдым демеймін. Бірақ халық композиторларының туындары қашанда жүректе тұрады. Одан бөлек, халық әндері ел арасында үлкен сұранысқа ие. Семей жақта Тұрсынғазы Рахимовтың әндерін көп сұрайды. Сондықтан, бөліп-жармаймыз. Қазіргі ағаларымыздың ішінен ән өнерінің алтын діңгегі Қайрат Байбосыновты, Еркін Шүкімановты, Ерлан Рысқалиді үлгі тұтамын. Әнші, ұстаз ағаларымыздың ақылын алуға қашанда тырысамын», — дейді Жасұлан.

Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен «Жетістіктің тарихы» іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз