Түркістан облысында құтқарушылар жетуі қиын таулы аймақта авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Операция Төлеби ауданындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан, теңіз деңгейінен 2400 метр биіктіктегі Шүнкілдек асуында өтті.
Оқиға туралы хабарлама ер адамнан келіп түсті. Ол таулы аймақта бірге болған досының денсаулығы күрт нашарлап, қайтыс болғанын хабарлаған. Өзі де жағдайының нашарлауына байланысты таудан өздігінен түсе алмай, құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болған. Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілді. Құтқару жұмыстарына ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы да жұмылдырылды.
ТЖМ Қазақстан азаматтарға ескертеді: таулы аймаққа шығар алдында жақындарыңызға баратын бағытыңыз туралы алдын ала хабарлаңыз, ауа райы болжамын ескеріңіз. Өзіңізбен бірге байланыс құралдарын, жеткілікті мөлшерде су, дәрі қобдишасы мен қажетті дәрі-дәрмектерді алып жүру қажет.