Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
17
USD
475
+0.11
EUR
516
+0.21
RUB
5.5
-0.08

Түркістан қаласына жаңа жаңғыру көкжиегі көрініп тұр

426
Newsroom.kz

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп өзгерту, Түркістан қаласын облыс орталығы ету туралы қаулыға қол қойған еді. Тарихи шешім жасалғалы өңірдің өмір айтарлықтай түрленіп, оның экономикалы-әлеуметтік жағдайы гүлдеген еді.

Осы орайда біз Қазақстанның әр өңірінің зиялы азаматтарынан бір ауыз пікір сұрап, жаңа жоба бастаған едік. Кезекте Алаштың алғашқы астансы Семейдің бір туар азаматтарынан келіп түскен пікірілер легі:

Бауыржан Игілік, ақын, ф.ғ.м., «Шабыт» сыйлығының лауреаты: «Түбі түркі мемлекеттердің назары осы Түркістан қаласында»

Оңтүстік өңірдің рухани ордаға айналуы – уақыт еншісіндегі заңдылық еді. Қазақылықтың иісі аңқып, тіршілігі қайнап жатқан қасиетті мекенге – Түркістан атауының телінуі – трихи әділеттілік. Бұл әділдікті – Елбасы өз шешімімен орнатты деп сенемін.
Түркістан қаласы ежелден түркі әлемінің темірқазығы іспеттес болған. Қазақстанның рухани астанасына айналған қасиетті Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығына айналғаны қуанышты жағдай. Түбі түркі мемлекеттердің назары осы Түркістан қаласында. Жаңа инфрақұрымдық идеялардың, батыл шешімдердің ордасына айналуы тиіс. Қалаға рең беретін, дем қосатын көшелердің киесі кетпеген. Сол ата бабаларымыздан қалған рухты жоғалтпай, жаңа заманның көшінен қалмай біз де осы тұрғыдан көптеген жұмыстарды атқаруымыз қажет. Түркістан облысының орталығы атанған Түркістан қаласына инвестициялардың тартылуынан, қалаға үлкен серпіліс келе жатыр деп есептеймін. Жасыл экономиканың, жасыл қаланың озық үлгісі болатынына күмәнім жоқ. Егер де біз, аз уақыттың ішінде барша ел тамсанатындай еліміздің ордасын, мақтанышымызды Астана қаласын сәулетті етіп салсақ, Түркістан қаласы экологиялық таза қалалардың көшін бастап тұру шарт. Сондықтан, осы бастан қаланың жобасы соған сай болу керек.
Облыс орталығына адамдардың жаппай көшуі белең алып жатса, оларға тұрар тұрғын үй салу жобасының әуел бастан географиялық тұрғысынан дұрыс әрі тиімді болуы, қаланың болашақтағы келеңсіз жағдайларды аттап өтуге мүмкіндік береді. Қала жобасындағы әлеуметтік нысандар, мемлекеттік нысандар, мектептер, ауруханалар, спорт және мәдениет ошақтары, тұрғын үй кешендері, халыққа керек басқа да тіршілікке қажет, қатынайтын нысандардың орналасуы үлкен маңызға ие болады. Себебі, Түркістан қаласының инфрақұрылымдық жағдайы оның экономикасына тікелей әсер етеді. Ал егерде ол жақын болашақта мегаполистердің қатарына енсе, бұл түйткілді проблеммалар алдымыздан шығып кетуі әбден мүмкін. Қазақстанның болашағы ол біздің ұрпағымыздың болашағы. Түркістан қаласындағы киелі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күмбезі аспанмен таласып жатса, топырағынан кешегі батыр да батыл бабаларымыздың ерлігі
аңқыса, қасиетті қақпасынан қазақ халқының рухы аласармай, әлемдегі түрлі жағдайларға төтепбере алар, дамыған елдердің көшінен қалмай ұлағатты да білімді ұрпақты тәрбиелеу біздің міндетіміз.
Түркістан – облысты ғана емес рухани жаңғырудың орталығы болғаны абзал. Бұл бабадан қалған ең құнды мұраларымыздың бірі себебі. Өңірдің өміріне жеміс тілейміз.

Айдана Сегізбаева, ф.ғ.м. айтыскер ақын: «Қай ғасырды ашып қарасаң да Түркістанның қазақияға берген ұлғаты өлшеусіз»

Елбасының қазақ руханиятының алдында жасаған өлшеусіз еңбегі осы – Түркістан. Иә, Түркістан қаласы, жалпы қазақ даласының осы бір оңтүстік қыры үнемі тарихи маңызы зор аймақ болып тұрған. Қай ғасырды ашып қарасаң да Түркістанның қазақияға берген ұлғаты өлшеусіз. Қазақ хандығы тұсында болмасын, «Алаш» қозғалысында болмасы бұл өңір түбі бір түркі жұрты үшін Меккедей киелі еді. Енді бұл атырап, бұл қаланың ұлағатын біздің ғасыр алатын болады.
Тұтас түркі әлемінің рухани астанасы болып есептелген, кезіндегі ата-бабаларымыздың ордасы болған, ұлы қайраткер, саясаткер Мұстафа Шоқайдың аласармас арманы болған Түркістан қазіргі келбеті көңіл қуантады. Қаланың жаңа орны құрылыстың қарқынымен бой көтереріне сенімдімін. Ауруханалар, мектептер, әлеуметтік ғимараттар, мемлекеттік ғимараттар, халық керек басқа да нысандардың жобасы салынып, жақын болашақта қаланың көркін келтіреді. Жалпы халықтың көшу, жер алу мәселесі бірінші орынға келіп тіреледі.
Түркістан облысындағы аудандардың әлеуметтік әл-ауқаты аймақтағы экономикалық көрсеткіштің бірегей нысаны. Республикамызда кеңінен қолдана алмай, шаруашылыққа енгіздіре алмай келе жатқан сапалы өнім өңдіретін зауыттар мен кәсіпорындардың шоғырланған жері болатынына күмәнсіз сенімдімін. Себебі, еліміздің өркендеуі тек қана мегаполисті қалаларға ғана тиесілі емес. Ол барлық қала атаулыға қатысты. Осы орайда, Түркістан қаласы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы болған кезде кәдімгі қалалардың қатарында жатқан еді. Қазір Түркістан облысы аталып, Түркістан қаласы оның орталығы болып кеткендіктен артар міндет пен қояр талап күшейгенін аңғарамыз. Сапалы жұмыстың, еңбектің арқасында және де қаржылық-инвестицияның тартылуының салдарынан аймақтағы өмір сүру көрсеткіші артады. Бұл көрсеткіштерге әлеуметтік, аграрлық, экономикалық және рухани деңгейі де кіреді. Түркістан қаласын болашақта ірі мегаполистердің қатарына қосу үшін, бұл көрсеткіштердің түгелдей дерлік тұстарын дамытуымыз шарт деп есептеймін.
Бұл серпін беру үшін айтылған сараптамалық ой. Десе де бар болғаны екі жылға жуық уақыт ішінде екі онжылдықта жасалатын жұмыс атқарылды өңірде. Жақсылық Түймебаев болсын, Өмірзақ Шүкеев болсын осы өңірдің гүлденуі үшін зор үлес қосты. Бұл – сөзсіз. Тек осы қарқынды жоғалтып алмасақ игі еді.

Жасұлан Макеев, ф.ғ.м: «Түркістан қаласына жаңа жаңғыру көкжиегі көрініп тұр»

Түркістан деген сөздің өзі тарих деген ұғыммен астарлас жатыр. Елбасының осы шешімін естігенде фейсбуктегі парақшама сүйіншілеп жазып едім. Екі тусам да осы түркістанға жақындығы жоқ бұл қазақтың не шаруасы бар деп ешкім айтпады. Себебі бұл жаңалыққа қуанбаған қазақ жоқ еді. Бұның өзі қазақтың ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетеді деп білемін.
Мағжан ақынның алтын бесігіндей болған Түркістанның заманның көшінен қалмауы қажет. Жаһандану дәуірінде әр мемлекет түгіл, әр қаланың даму сатысы көз алдымызда. Елдің қазынасына қосар үлестің артқаны жақсы, әрине. Дегенмен, Түркістан қаласының рухын ұмытпауымыз шарт. Керуен көшеді, жылдар өтеді, болашақтың легінен қалып қоймас үшін, біз де жаңғыру баспалдығынан өтуіміз керек.
Егер де сапалы жұмыс орындардың көптеп ашатын болсақ, білікті мамандарды даярлау мақсатында кадрлардың өндірістік тәжірибе жинауға жол ашылады. Білікті маман болу үшін өз жұмысын ғана емес, жан-жақты білімді болу керек. Өткен ғасырда сондай тәжірибе көп жылдық еңбекпен келетін болса, қазіргі ақпараттық ағыны мол заманда аз уақыттың ішінде керек дүниелерді әп-сәтте біліп, үйреніп алуға болады. Оны өндірісте пайдалану біршама уақыт алғанмен, шетелдің тәжірибесімен салыстыра отырып, жетістікке жету жолының ыңғайлы әрі сапалы жағын үйрену алдыңғы орында тұрады.
Түркістан облысы ондай мүмкіндіктерден кенде емес. Еңбектенемін деген білікті мамандарды іздеп табуға болады. Оған қоса ауа-райының қолайлығы – бұл мекенде көптеген шаруа қажалықтары, өнеркәсіптің түр-түрі, өнімді дайындайтын нысандарын ашуға, онда жұмыскерлердің тәжірибесін арттыру мақсатында келелі істі жүргізуге оңлайлы жолы болары сөзсіз сенемін. Қазіргі таңда Түркістанға елдің ғана емес, барлық түркі әлемінің назары аударулы. Түркі тілдес мемлекеттердің рухани астанасы болып есептелеген қасиетті Түркістан қаласына жаңа жаңғыру көкжиегі көрініп тұр. Елдің ертеңі үшін елеулі еңбек еткен азаматтардың болашағы айқын, ашық болады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, осы мәселеге бей-жай қарамайық. Себебі, ол – біздің ұрпағымыздың болашағы, бейбіт елдің ертеңі!
Иә, қазір қазаққа оның үстіне Түркістандағы бауырларыма зор еңбек ету керек. Біз қазір болашаққа бағдар жасап жатырмыз. Сондықтан осы тұстағы әр-бір шешімнен ұлылық пен ұлағаттықтан тарауы тиіс.
Жалпы Түркістан облысының болашағына оның ел алдында атқарар миссиясына деген сенімім зор менің.

Арман Шеризат, ақын, ф.ғ.м.: «Түркістан қаласы Оңтүстіктегі екінші ірі мегаполисқа айналады деп сенеміз»

Қазақта тегі киелі жер өте көп. Біз сонымызбен ерекшеленеміз. Кей топырақты адам киелі етеді, кей топырақ адамды киелі етеді емес пе? Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы етіп өзгереді дегенде қан тулап, руһ жаңғырды бойымызда.
Түркістан облысының экономикалық жағдайы өсу қарқынын алған сияқты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болғаннан кейін оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілгелі бір жылдан астам уақыт өтті. Ал Шымкент қаласы республикалық маңызы бар мегаполиске айналды. Демек, Түркістан облысы мемлекеттік бюджеттен жеке қаржыландырып, әлеуметтік әл ауқаты өседі. Облыстың және қаланың мемлекеттік бюджетке қарап жатпағаны анық. Шетелден инвестиция тартылып, экономикалық жағдайды біркелкі ұстау үшін зауыттар мен кәсіп орындар, шаруа қожалықтары мен шағын бизнес бастамаларын, Түркістан облысының тиімді әрі дұрыс таңдалған жобаларды шетелге таныстырып, қаражат тартудың үлкен ықпалын тигізді. Жергілікті халыққа да ол әсер етпей қоймайды. Елді мекендерден қалаға көшу, жаңа жұмыс орындардың ашылуына себепкер болады. Оның салдары Түркістан қаласының жалпы облыс орталығы болып тұрғандағы мәртебесі, геосаяси бағыты, жандануы тез дамуға әкеліп соғады. Оңтүстік Қазақстанның ірі мегаполис қатарына Шымкент қана емес, жақын болашақта Түркістан қаласы да кіруі әбден мүмкін.
Аграрлық тұрғысынан қарағанда қазіргі заманда көк шықпайтын жерлерге шалғын өсіріп, су шықпайтын жерлерге бассеиндерді орналастырып, дән екпейтін жерлерде егін плантацияларын салдырып жатады. Әрине, бұл жаңа заманның технологиясының арқасында жүзеге асады. Әлемнің прогрессивті дамуы, біз айтып отырған аграрлық салаға да үлкен әсерін тигізді. Осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын атын естімеген, аталарымыз армандаған технология заманы көз алдымызда. Қарқынды даму, салған өнімнің еш зиянсыз әрі тиімді жинау, автоматтандырылған техникаға сөз емес. Сондықтан да Қазақстанның Оңтүстік өлкесі демей, топырағы көптеген дәнді дақылдарды егуге арналмағанымен, технологияның көмегімен оны жүзеге асыруға әбден болады. Бірақ, кадр тапшылығы, білікті маманның әрдайым аздығынан, бізге шетелдің аграрлық бизнесінен үйренеріміз көп деп есептеймін. Қазақстанның аграрлық саласы қарқынды түрде алға дамыса деген ой болса, шетелден білікті мамандарды, университеттерде сабақ беретін профессорларды шақыртып, тәжірибесін бойымызға сіңіруіміз қажет.
Сөз соңында өңірдің алдағы өміріне қарқынды даму мен қажырлы қайрат тілегім келеді.

Мерей Қарт, ҚР Жазушылар одағының Семей қалалық филиалының директоры.: «Түркістан – халықаралық бренд. Ол Тәңрі берген олжа бізге»

Адамның ойы жүйірік қой. Түркістан облыс болды деп естігенде сан түрлі қиялдың жетегіне кетіп едік. Кейін өзімізді сабырға шақырдық. Өмір – өмір, ертегі –ертегі. Шатастырып алмайық дедік. Алайда бар болғаны бір жарым жыл ішінде Түркістан облысы бізді ертегіге сендіргені анық. Тарихи жаңғыру деген осы шығар сірә?

Түркі әлемі дейміз. Ол кең ұғым. Оның ішінде Түркия Түркістанға керемет маңыз береді. Ахмет атындағы университет бар. Оны беделін арттыру үшін облыс орталығында болғаны жақсы болып тұр. Бұл университет Түркі әлемінің университетіне айнала алады. Мәдениет жағынан да, білім саласынан да бір қозғаушы күш бола алады. Түркі әлемі деп жатырмыз, жақында Түрік кеңесінің самиті өтті. Түркі кеңесінің орталығы Стамбулда орналасқан. Нақты айтқанда Анкарада. Елбасы «Түркі академиясы т.б. қысқартып Түркісайдың құрамына кірсек»- деп, айтқан болатын. Сол Түркісайда түбі бір біріктіреді. Сол кезде осы үлкен ұйымды Түркістанға алып келсе, бұл қаланың халықаралық маңызы мен мәдени саласы арта түседі. Ең бастысы ЮНЕСКО-мен тікелей жұмыс істей алады. Үлкен ірі жобаларға шыға алады. Бұл Түркі әлемі үшін ізгілікті бастама ғой.
Көріп отырғанымыздай Өзбекстан Бұқара, Самарқант секілді киелі, тариха жерлері арқылы туризмді жақсы дамытып жатыр. Олқалалардан бренд жасап алды. Ол жаққа туристер ағылайын деп жатыр. Сол туристерді Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстанның ірі қалаларының арасында белгілі бір байланыс болса, жүйелі түрде ұйымдастырылған «Туристік пакет болса» бізге де тартуға болады. Ол жерге Түркиядан, Еуропадан да туристер келеді. Түркістанды рухани, интелектуалды орталыққа айналдырып ішкі туризмді де дамытуға болады. Түркістанды брендке айналдыру керек.
Сөз соңында Түркістан қазақ руханиятының дақ жұқпаған ақ байрағына айналсын деп тілейік. Аллаға шүкір, қазір біздің экономикалық жағдайымыз жақсарды. Елде тұрақтылық бар. Енді бар назарды біз руханиятымызға бөлуіміз керек. Сонда тамырын балталаса да жығылмайтын алып бәйтерекке айналамыз ғой. Өңір гүлдене берсін!

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз