Ата-анасы қалың ұйқыда жатқанда ажал құшқан. Алматыда үш жастағы қыз бала көпқабатты үйдің терезінен құлап кетті. Қайғылы оқиға таңғы уақытта үйдегілер шырт ұйқыда жатқанда болған. Бұл — тұрғын үй кешенінде тіркелген екінші қайғылы жағдай. Полиция бала өлімі бойынша тергеуді бастады.
Қайғылы жағдай таңғы сағат алты шамасында «Ақкент» тұрғын үй кешенінде болған. Куәгерлердің айтуынша, үш жастағы бүлдіршін ата-анасы ұйықтап жатқанда көпқабатты үйдің жетінші қабатынан құлап кеткен. Қатты жарақат алған бала жедел жәрдем жеткенше көз жұмған. Жан дауысы шыққан анасының айқайынан тұрғындар да далаға жүігіріп шыққан. Бірі — полицияға, бірі жедел-жәрдемге хабарласып, қолдан келгенше көмек көрсетіпті.
«Ұйықтап жатқанмын. Күйеуім қатты дауыстан атып тұрды. Біз №60 үйде тұрамыз. Сол жерге келдім, анасы жылап отыр екен. Баланың бетін жауып қойған. Бәріміз шырт ояндық қой. Жедел жәрдем жеті-ақ минутта келді. Бірақ ажалы енді осыдан болып тұр ғой», – дейді көршісі Жібек Әділхан.
Тұрғындар соңғы уақытта мұндай қайғылы оқиғаның жиілеп кеткенін айтады. Өткен айда ғана төрт жастағы тағы бір бүлдіршін үйдің 14-ші қабатынан құлап кетіпті. Сондықтан жұрт үлкендер жағы «қорғаныш темірін орнатуды құнттаса» дейді. Полиция да іске кіріскен. Қайғылы жайттың себеп-салдарын арнайы тергеу тобы анықтап жатыр.