Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-12
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Тұңғышбай Жаманқұлов қазіргі уақытта немен айналысып жүргенін айтты

483

Бұл туралы Жаманқұлов “Таңшолпан” бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

Осыдан бір жыл бұрын шартты түрде бас бостандығынан айырылған елдің сүйіктісі бүгінде қалай өмір сүруде?

«70 жас – жүріп өткен жол. Адамның өмір жолы түзу емес, Қапшағайдың трассасы сияқты. Бұрылыс, бұлтағы көп болады. Сондай кезде таймай, аман-сау осы күнімізге жеткенімізге шүкіршілік етеміз. Алланың әмірімен, халықтың ықыласына бөлендік, өнер жолында танымал болдық.

Халықтың бәрі басқан ізімізді, айтқан сөзімізді мұқият тыңдап, біздің аузымыздан шыққан сөздердің бәрін жақсы сөз деп есептегенде өзіңді-өзің мықты ұстап, абай жүріп, халықтың көңілін қалдырмай, әр қадамың есептеулі екенін ойлап жүрудің өзі – әжептеуір еңбек”, – дейді Жаманқұлов журналистердің сауалына жауап бере отырып.

Бүгінде актер жақындарының аман-саулығына шүкір етіп өмір сүруде. Бір қызығы, Тұңғышбай Жаманқұловтың екі бірдей немересі актердің өзімен бір күнде дүниеге келген. Сондықтан да Жаманқұлов соңғы жылдары меншікті мерекесін тойламайтын болған.

“Анам 87 жаста. Бауыр, қайын жұрт бүтін, аман-есен. Мен үшін осы сыйлық. Туған күнім кейінгі екі баламның туған күніммен бірге. Ендігісі, қазір менің емес, осы балалардың туған күнін тойлаймыз.

Ақсұңқар деген балам 15-ке, ал Аққу деген қызым 13-ке келіп жатыр. Үшеуміздің туған күніміз бір күнде. Алғаш жылы Ақсұңқар дүниеге келгенде, менің туған күнімді тойламай-ақ қойыңдар деп айтқанмын”, – дейді Жаманқұлов.

Актердің айтуынша, театр сахнасында жастар көбейіп келе жатқандықтан, егде жастағы әртістерге рөл аз бұйыратын болған.

“Біз өзі оң жақта отырып қалған қыз сияқтымыз. Режиссерлерге, әсіресе кинорежиссерлерге ұнағымыз келіп тұрады. Бізді түсірсе екен, рөл берсе екен деп отырамыз. Өзімізде еркіндік жоқ.

“Мына рөлді бер, мен ойнаймын” деп айтатын құқық жоқ. Күтіп отырамыз. Дегенмен режиссерлер менің бойымдағы, өмірдегі жүріс-тұрысымдағы, сөйлеген сөздерімдегі ой-пайымдарыма қарап, осындай рөл берген болар”, – дейді Жаманқұлов театрда ойнаған рөлдері жайлы.

Бұл орайда Тұңғышбай Жаманқұлов жеке театрын ашқанын қуана хабарлады.

“Өзіміздің театрларда жастар қаптап келе жатыр, бізге рөл аздау тиіп жатыр. Көбінесе жастар алып жатыр. Қарап жүруге үйреніп қалған қызмет, өзімнің ойымдағы қыжылды, ойды, пайымды халыққа жеткізу тұрғысында кейде театрда қойылып жатқан репертуардың саясатымен дөп келе бермейсің.

Сондықтан өзіңе жақын, жүрегіңді тебірентетін материалдарға жете алмай, арманда кетуің мүмкін. Сондықтан жақында жеке театр ашуға ниет білдірдім. Алғаш болып драматург Қолқанат Мұраттың «Қуыршақтар» моно-пьесасын сахнаға шығардым.

Өзім ғана ойнаймын. Қыркүйектің 20-21-і Таразда қойылымның тұсаукесері өтті. Енді осы және басқа шығарманы өзге өңірлерге апарып, халыққа таныстыруға ниеттімін. Ағайын, тумам, халқым, көрермендерім менің қадірімді жерге түсірмей, еңбегімді бағалап жүргендері қанаттандырады, қуантады», – дейді актер.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың маусым айында сот Тұңғышбай Жаманқұловты айыпты деп танып, 7 жылға шартты түрде соттады. Рақымшылық туралы заңғай байланысты, Жаманқұловтың жаза мерзімі екі есе – 3,5 жылға дейін қысқартылды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз