Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
7
USD
424
0.00
EUR
498
0.00
RUB
5.82
0.00

Тым көп емес пе? Бишімбаевты 15 жылға соттап жіберуі мүмкін

Бұл жайында КТК арнасы хабарлады.

Қуандық Бишімбаевтың көз ілеспес жылдамдықпен өскен саяси карьерасына қызығып та, қызғанып та қарауға болатын. 19-ында университет бітіріп, Америкада «Болашақпен» оқып, 3 жоғарғы оқу орнын үздік бітірген вундеркиндттің мемлекеттік қызметтегі бас айналдырарлық еңбек жолы  да 21 жасында-ақ басталып кеткен.

25 жасында министрдің кеңесшісі, кейіннен «Самұрық-Қазынада» төрағаның орынбасары болды. «Бәйтерек» ұлттық холдингін де 3 жыл басқарды. Қараша айында дәл осы холдингтің еншілес компаниясы “Бәйтерек DEVELOPMENT” төрағасының орынбасары, Мәжілістің экс-спикері Қабиболла Жақыповтың ұлы мен бірнеше атқарушы директор 288 миллион теңге парамен ұсталған еді. Арада көп уақыт өтпей тергеушілер бұл іске  Қуандық Бишімбаевтың да қатысы барын анықтаған сияқты. Сөйтіп, экс-министрге қатысты қылмыстық іс қозғалып, өзі изоляторға жабылды.

Жер дауынан кейін Ұлттық экономика министрлігін бар-жоғы 8 айдай басқарған Үкіметтегі ең жас шенеуніктің жоспары көп болатын. 36 жастағы Қуандық Уәлиханұлы ипотеканың пайызын төмендетіп, арзан баспана тұрғызып, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы халыққа 10 сотық жер таратуға уәде еткен.

Алайда, осы тұрғын үй салуға бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны тендерден ұтып беру үшін «Бәйтерек» холдингінің менеджерлері  кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған. Мол ауызбастырықтың бір бөлігі – Бишімбаевтың да қалтасын қампайтқан сыңайлы. Өйткені, Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро мақтаулы министр сыбайластарымен ауыз жаласып, ірі көлемде пара алған деп отыр. Миллиондарды атқамінер жеке басының қажетіне жаратыпты. Енді изоляторда тергеушілердің ақша туралы сұрақтарына жауап берді.

– Қандай ақша жайлы айтып тұрғаныңызды білмеймін. Барлық ақша игеріліп жатыр, – деді Қуандық Бишімбаев.

Қазақстандағы ең табысты шенеунік, ақша санаудан ғана емес, саксафонда ойнаудан алдына жан салмайтын. Енді әнмен күйдің орнына ол, изоляторда тергеу материалдарын оқып, сот процесіне әзірленетіні белгілі. Егер Қуандық Бишімбаевтың кінәсі дәлелденсе, дүние-мүлкі тәркіленіп 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Немесе алған парасының көлеміне қарай ірі айыппұлмен құтылуы да ғажап емес. Бір анығы шатылған экс-министрдің саяси карьерасы толық аяқталды деуге болады.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2021 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз