Төреғали Төреәлінің үлкен қарындасы Фариза Төреәлі көпшілік көкейіндегі сауалға жауап беріп, әлі күнге балалы болмауының себебін түсіндірді. Бұл жайлы әншінің қарындасы Instagram парақшасында мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сонымен қатар әншінің қарындасы мұндай сұрақтың ауыр тиетінін айтып, оқырмандарынан жеке өміріне қатысты сұрамауын өтінді.
“Жазбасам да болар еді. Алайда мен сияқты қыздарды сөзбен болсын қолдағым келеді. Күнделікті сұрақтарға үйреніп қалғанмын. Бірақ өзінің де, өзгенің де шекарасын сезбейтін, өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласатын адамдардың істері жағымсыз сезім алып келетіні өтірік емес.
Дәл солай қаншама қызға да көрінген адамнан “қашан күйеуге шығасың, отырып қалатын болдың ғой”, “Қашан балалы боласың, қанша жыл болды ғой” сынды сұрақты есту ұнайды деп айта алмаймын. Өзгенің өміріне шектен тыс араласу – мәдениетке де, иманға да жатпайды. Себебі хадисте “Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы” деген. Сондықтан сіз де, біз де өзгенің көңіліне қарап сөйлеуді және шекара дегенді біліп жүрсек жаман болмайды”, – деді Фариза Төреәлі.
Естеріңізге сала кетейік, Фариза Төреәлі спортшы Дархан Нортаевқа 2020 жылы тұрмысқа шықты.