Еліміздің ҚР Бас прокуратурасы әрбір кәсіпкер үшін қолжетімді көмекші болатын «Qamqor» қосымшасын әзірледі.
Бұл жайында аталған ведомствоның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Фейсбуктегі өзінің парақшасында жазды.
«Уәде бергенімдей, біз әрбір кәсіпкер үшін қолжетімді көмекші болатын «Qamqor» қосымшасын әзірледік. Яғни, қосымшаны өзіңіздің кез келген гаджетіңізге (ұялы телефон немесе планшет) жүктеп, тіркелесіз және тексеру тағайындалған жағдайда сіздің гаджетіңізге «Сізге тексеру ДАТА келеді» мәтінімен Push-хабарлама келіп түседі. Хабарламаға бассаңыз, толық көрініс ашылады – тексеруші орган, тексерушінің аты-жөні, сондай-ақ тексерудің түрі, мәні және мерзімі. Сізге тексерумен келді делік. Тексеруші 14 таңбалы тіркеу нөмірі бар тексеру тағайындау туралы актіні ұсынуға міндетті. Сіз сол Актінің нөмірін енгізіп, барлық қажетті ақпаратты аласыз (жоғарыда айтылғандай)… және де
мысалы, басқа тексеруші келсе, немесе тағайындау актісінде көрсетілген тексеру мерзімі өтіп кетсе, онда тексеру заңсыз болып табылады!
Бұл жағдайда, сіз шағымдана аласыз, шағымды комитеттің аумақтық органдары қарайтын болады және жағдай расталған болса, барлық мән-жайды түсіну үшін ұтқыр топ жіберіледі», – деп жазды ол.
Комитет басшысының келтірген деректеріне қарағанда, 2017 жылдың 1-тоқсаны бойынша 34 мыңға жуық тексеру тағайындалған. Оның ішінде кәсіпкерлерге қатыстысы – 16,5 мыңнан астам.
Тіркеу сатысында комитет тек 250 негізсіз тексерудің жолын кескен.
«Айтарым, бұрын біз тіркеуден кейін оның жүру процесін бақылай алмадық (мерзімінде жүргізілді ме, тексерушілер тағайындады ма және т.б.). Ал енді «Qamqor» қосымшасы тексеру процесін қосымша бақылап отыруға, сол арқылы кәсіпкерлер мен бизнесмендерді тексерушілердің заңсыз әрекеттерінен қорғауға және көмектесуге мүмкіндік береді», – деді Бағдат Мусин.