Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-12
USD
496
-2.06
EUR
523
-2.87
RUB
4.94
-0.03

TikTok-тағы кітап клубы. Қазақстандық қыздарды кітап туралы айтуға не шабыттандырады?

463

Бүгінгі біздің материалымызда төрт бойжеткен кітапқа деген сүйіспеншілігі, TikTok-та кітап аккаунттарын жүргізу тәжірибесі туралы әңгімелейді және сүйікті кітаптарының ішінен ең жарқын әдеби шығармаларды ұсынады.

Фая @fayabooks: «Бәрінің талғамынан шығатын бірдебір шығарма жоқ»

Білімі мен мақтануға тұрарлық жобалары туралы

Мен 18 жастамын. Атырау қаласында дүниеге келдім. Биыл мектепті бітіріп, Канадада «Әлеуметтік ғылымдар» мамандығы бойынша оқуды бастадым. Алты жыл бойы қобыз сыныбында музыка мектебінде оқып, оны үздік бітірдім. Фортепианода өз бетімше ойнап үйрендім, мұны мақтанышпен айта аламын.

TikTok-тағы кітаптар және аккаунттың миссиясы туралы 

14 жасымда ата-анам маған Джек Лондонның кітаптарын оқып көруді ұсынды, нақтырақ айтсақ «Белый клык. Зов предков» туындысын. Бәрі содан басталды десем болады. Қазір менің кітапханамда 200-ден астам кітап бар. Екі жыл бұрын TikTok-та өзімнің кітап туралы блогымды жүргізу туралы ой келді, сол арқылы достар тауып, аудитория қалыптастырмақ ниетте болдым. Мені таңғалдырғаны, алғашқы видеоларым бірден көп қаралым жинап,  ұсыныстар тізіміне түсті. Әрине, бұл мені қатты шабыттандырды және видеоларды көбірек түсіре бастадым. Сонымен бірге, көптеген басқа кітап авторларымен таныстым, олармен әлі де жақсы араласамыз. Мен өзіме ұнайтын контентті бөлісуді жалғастырғым келеді, ал ең бастысы — жазылушылардың қолдауы мен сүйіспеншілігіне ие болу.

TikTok-тағы сүйікті айдарлары

Поэзияға қатысты видеолар, сондай-ақ, кітаптарға шолулар мен таңдамалылар үлкен қызығушылық тудырады. Жеке өзіме кітап влогтарын, әртүрлі елдегі кітапханаларға/кітап дүкендеріне шолуларды және сатып алынған кітаптарға шолу түсіргенді ұнатамын. Болашақта контентімді түрлендіруге тырысамын: кітап тақырыбына белгілі бір айдарлар енгізу, жазушылардың өмірбаянынан қызық деректерді айту, сонымен қатар, көбірек кітап шолуларын түсіру.

Әр бойжеткен оқуға тиіс кітап

Біз бір-бірімізге ұқсамаймыз, сондықтан барлығына сай келетін бірегей кітап жоқ. Бірақ мен үшін Джек Лондонның «Мартин Иден» романы санамда «төңкеріс» жасаған кітап болды. Онда таптар арасындағы айырмашылық пен әлеуметтік жіктелу проблемалары, сондай-ақ, жеке тұлға мен өзін-өзі тану мәселелері ашылады. Осы шығарманы баршаға оқуға кеңес беремін! Сондай-ақ, Энн Бронтенің «Незнакомка из Уайлдфелл-Холла» кітабын атап өтпеске болмас. Оны барлық уақытта өзекті шығарма деген санатқа жатқызуға болады. Ол қызық сюжетімен, әсем сөз саптауымен және шынайы кейіпкерлермен тартымды ғана емес, сонымен қатар, даналық ойларымен де ерекше.

Анар Ягофарова @bookscollect : «Танымал адамдардың сүйікті кітаптарына шолу түсіргім келеді»

Білімі мен мақтануға тұрарлық жобалары туралы

Мен 27 жастамын. Нархозды «Қаржы» мамандығы бойынша бітірдім. Алматыда дүниеге келдім, осында тұрамын. Банкте жұмыс істеймін, қазір бала күтімі бойынша демалыстамын және отбасыммен мақтанамын.

TikTok-тағы кітаптар және аккаунттың миссиясы туралы 

Мен бұрыннан кітаптарды сүйіп оқитынмын, бірақ сабақ пен жұмыс кезінде кітап оқуға уақыт бола бермейтін. Декреттік демалысқа шыққалы кітаптармен өте тығыз дос болдым. Олар менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан өзіме ұнайтын істің бір пайдасы болсын деп аккаунтымды жүргізе бастадым. Бұл менің шығармашылығымды шыңдай түсті. Шынымды айтсам, мен бұдан бірдеңе шығатынына сенбедім, бірақ оң пікірлерді көре бастағанда, бәрі бекер емес екенін түсіндім. Менің аккаунтым көптеген адамды кітап оқуға шабыттандырса, бұл мен үшін бақыт.

TikTok-тағы сүйікті айдарлары

Менің видеоларымның форматы өте кең. Жаңа нәрсе жасап көргенді ұнатамын. Аккаунтымда әзіл-оспақ суреттер мен кітап тақырыбына шағын шолулар көп қаралым жинайды. Болашақта әдеттен тыс контент жасауды жоспарлап отырмын. Мысалы, үш күнде үш кітап оқу немесе атақты адамдардың сүйікті кітаптарына шолу түсіру.

Әр қыз-келіншек оқуға тиіс кітап

Маған қатты әсер еткен кітаптар: Фэнни Флэгг «Жареные зеленые помидоры в кафе «Полустанок», Герман Гессе «Степной волк», Эрих Мария Ремарк «Үш жолдас», Шыңғыс Айтматов «Плаха», Фредрик Бакман «Увенің екінші өмірі», Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романы. «Ақбілек» адам өмірінде білім мен өзін-өзі дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бұл кітапты оқығанда, бас кейіпкердің барлық қиындығын бірге бастан кешіресіз және соңында онымен бірге көзіңіз ашылғандай болады. «Увенің екінші өмірі» — бұл өмірдің мәнін жоғалтып, қайта тапқан қырсық шал туралы әсерлі оқиға. Жақсылық жасау қаншалықты маңызды екенін және әр адамға адам керек екенін еске салатын керемет туынды. Ал «Үш жолдас» кітабы маған дос болуды үйретті. Мен оны әрдайым бәріне ұсынамын.

Эвилит Гайгер (@evilit): «Классикалық әдебиетті жақсы көремін»

Білімі мен мақтануға тұрарлық жобалары туралы

Менің атым Эвилит. 25 жастамын. Астанада туып-өстім, осында өмір сүремін. ЕАГИ-дің (Еуразия гуманитарлық институты) педагогика факультетін «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірдім. Ағылшын және неміс тілдерінен педагогпын. Жеті жыл бойы мамандығыммен жұмыс істедім, бірақ 2015 жылы Bookish Madness атты YouTube-арнамды ашып, күні кешеге дейін негізгі жұмысыммен ұштастырып келдім. 2023 жылы толығымен кітап блогына кетуді жөн көрдім, қазір бұл менің негізгі және тұрақты жұмысым. Мен көптеген танымал баспамен және қазіргі орыс тілді авторлармен жұмыс істеймін. Былтыр аудиториямды кеңейту үшін және әлеуметтік кеңістікте кітаптарды белсенді бөлісу үшін TikTok-арна бастауды ұйғардым.

TikTok-тағы кітаптар және аккаунттың миссиясы туралы 

Менің белгілі бір «миссиям» бар деп ойламаймын, бірақ жұртқа жақсы кітаптар табуға көмектескен ұнайды. Аға буыннан «Қазір жастар мүлдем кітап оқымайды» дегенді жиі естимін. Осы кезде мен: «Біз кітап оқимыз және біз көппіз» деп жауап бергім келеді. TikTok-ты кітап әлеміндегі жаңа тенденциялар туралы біліп отыру және көптеген пікірлес адам табу үшін аштым. Менің ойымша, TikTok – тәуелсіз блог үшін де, әлеуметтік желілердегі басқа парақшаларды ілгерілету үшін де тамаша алаң.

TikTok-тағы сүйікті айдарлары

Менің көрерменіме қызық видеоларым: оқылған кітаптар туралы әңгімелер, сатып алынған кітаптар туралы айтуым, кітап сөрелеріне талдау жасау және әртүрлі тақырып бойынша таңдамалылар, мысалы, «Оқып бітпейінше ұйықтай алмайсың», «Күзге арналған ең үздік кітаптар», «Ең үрейлі кітаптар».

Классикалық әдебиетті, сиқырлы реализмді, есею туралы романдарды, үрейлі шығармаларды, триллерлерді, мифологиялық оқиғаларды, ретеллингтерді, фэнтези және т.б. жақсы көремін. Ағылшын тілінде де жиі оқимын және орыс тілінде басылымға дайындалып жатқан кітаптарға шолу жасаймын. Маған ең ұнайтын форматтар: оқылғандар, таңдамалылар және әзіл-оспақ суреттер.

Мен шетелдік және орыс тілді TikTok трендтерін мұқият қадағалаймын. Көптеген формат пен идеяны орыс тілді көрермендерге бейімдедім. Көрермендерге ең қызық тақырыптар мен форматтарды белгілеп қойдым, енді солармен жұмыс істеуді жоспарлап отырмын.

Әр қыз-келіншек оқуға тиіс кітаптар

Менің сүйікті шығармаларымның қатарында: Маркус Зусак «Книжный вор», Михаил Булгаков «Записки юного врача», Юрий Каракур «Фарфор», Джон Фаулз «Коллекционер», Шарлотта Бронте «Джейн Эйр».

Мен қыздарға Сара Мосстың «Фигуры света» шығармасымен танысуға кеңес беремін, өйткені мұнда бала кезінен адамға анасымен қарым-қатынас қалай әсер ететінін, баланы қалай тәрбиелеуге болмайтынын және кімдерге бала табуға кеңес берілмейтіні туралы айтылады . Бернадетт Энн Пэристің «За закрытой дверью» кітабын оқығаннан кейін қарым-қатынастағы «қызыл жалауларды» тани аласыз және сондай жағдайларға тап болмауға әрекет жасайсыз. Бәлкім, Джей Кристоффтың «Неночь» кітабын да ұсынған дұрыс шығар – мұнда пафосқа толы кейіпкерлер қарапайым қыздар сияқты бәріне бара алады.

Аида Құсайынова @booklibra: «Тәкаппарлық және жалған сенім» бұл барлық замандағы классика»

Білімі мен мақтануға тұрарлық жобалары туралы

Мен 22 жастамын, Көкшетауда туғанмын, қазір Астанада тұрамын. Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдап, Будапешт ЖОО-да 2 жыл оқыдым, кейін ҚазМЗУ-ға ауыстым. Қазір 4-курста оқимын және стоматологияда уақытша әкімші болып жұмыс істеймін.

TikTok-тағы кітаптар және аккаунттың миссиясы туралы 

TikTok-та аккаунт ашқандағы мақсатым – оқуға деген сүйіспеншілігімді бөліскім келді, достарыма ғана емес, кең аудиторияға қызық кітаптар ұсынғым келді және пікірлес адамдармен дос болып, басқа кітапқұмарлармен сөйлесіп, әдеби туындыларды талқылағым келді.

TikTok-тағы сүйікті айдарлары

Менің ойымша, оқылған кітаптарға шолулар мен сатып алынған кітаптарға шолуларды аудиториям қызыға қарайды. Осылайша көрермен жаңа кітаптармен танысып, болашақта оқуға болатын кітаптарды белгілеп алады, ұзақ уақыт бойы кейінге қалдырған кітапты оқуды бастауға бел буады. Мен осындай видеолар түсіргенді және басқа кітап-блогерлерінің осындай мазмұндағы видеоларын көргенді ұнатамын.

Өзім роликтерімнің форматын сәл өзгерткім келеді, оларды эстетикалық жағымды, пайдалы еткім келеді. Болашақта осы тұрғыда жұмыс істеп көру керек, қалай істеуге болатынын және видеоның сапасы мен контентін қалай жақсарту керегін ойланамын.

Әр қыз-келіншек оқуға тиіс кітаптар

Қарапайым жауап, бірақ «Тәкаппарлық және жалған сенім» – бұл барлық уақыттағы классика деп ойлаймын. Басты кейіпкер Элизабет – өр мінезді, өзін және отбасын қорғауға, өз пікірін қорғауға қабілетті, оқырмандарына өзін табуға, өзіне сенімді болуға және жетілуге шабыттандыратын мықты, тәуелсіз әйелдің үлгісі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз