Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
9
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Теріс пиғылдағы сайттарды анықтау үшін тәулік бойы мониторинг жүргізілуде

«Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылғанда Елбасы министрлікке бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Соның ішінде, отандық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін күшейту, ақпараттық кеңістігімізді нығайту, ақпараттандыру саласындағы жобалар мен коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту айрықша аталып өтті. Бұлардың барлығы – ел мүддесі жолындағы кезек күттірмейтін мәселелер екені анық. Осы міндеттерге сай министрлік бүгінгі күнге дейін жоспарлы түрде бірқатар шараларды жүзеге асырды. Бұл шаралардың барлығы оң өзгерістердің іске асуына айтарлықтай ықпалын тигізді. Дегенмен, бүгінгі заманның ағымы мұнымен қоса тағы бір маңызды мәселені қолға алуды талап етіп отыр. Ол – осы саладағы заңнаманы жетілдіру. Осыған сай министрлік «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын әзірледі»,-деп тоқталды ведомство басшысы таныстырылым барасында.

Атап айтқанда, талқылауға тұтас қоғамның қатысуына мүмкіндік жасалды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, оған осы саладағы беделді ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың өкілдері, журналистер мен сарапшылар кірді. Талқылаудың жоғары деңгейде өтуіне жұмыс тобы құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары да белсенді атсалысты. Осындай ашық талқылаудың арқасында заң жобасы маңызды ұсыныстармен толықтырылды. Тұтастай алғанда, аталған заң жобасы аясында 12 заң мен 4 Кодекске 200-ден астам түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Жалпы, 200-ге жуық ұсыныс берілсе, соның 70 пайызы ескеріліп, құжатқа енгізілді.

Бұл бағытта ең алдымен азаматтардың құқығын ескеру, әсіресе балаларды қорғау, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылып отыр. Сонымен қатар, телеарналарда белгіленген уақыт аралығында мемлекеттік тілдегі жарнамалардың үлес салмағының 50 пайыздан кем болмауы, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда көпшіліктің тек отандық телеарналарды көруін қамтамасыз ету мәселелері де қамтылып отыр. Бұған қоса отандық арналарды көрсетпейтін, «сұр тәрелкелер» (сертификатталмаған спутниктік антенналар) деп аталып кеткен спутниктік құрылғылардың таралуын құқықтық тұрғыдан реттеу көзделуде. Интернет пен жаңа технологиялардың дамуына байланысты өзгерістер де ескерілді. Жалпы алғанда, осының барлығы – ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені.

Министрдің атап өтуінше, қазақстандық БАҚ-та және телекоммуникацияның басқа да желілерінде құқыққа қарсы әрекеттен зардап шеккен балалар туралы ақпарат жариялауда шектеулер енгізіліп отыр.

«Қазіргі кезде бұл мәселе реттелмеген, ал интернетте пайда болған мәліметтер алдағы уақытта баланың тағдырына кері әсер етуі мүмкін»,-деді Д. Абаев.

Заң жобасы бойынша таратылған мәліметтерде айыппұлдардың сомасы көрсетілген. Құқыққа қарсы әрекеттен зардап шеккен баланың фотосуреттері мен жеке мәліметтерін таратқанда жеке тұлғаларға 5 АЕК көлемінде, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне -50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айппұл салынуы мүмкін.

Егер де бір жылдың ішінде әкімшілік жаза белгіленгеннен кейін аталған жағдай қайталанса, жеке тұлғаларға- 50 АЕК, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне -100 АЕК, сондай-ақ ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК көлемінде айыппұл салу ескерілген.

Мұнымен қоса, заң жобасында жаңалықтарда субтитрлеу мен сурдоаударма арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ақпаратқа қолжетімдігін қамтамасыз ететін нормалар қамтылған.

«Отандық телеарна және радио нарығының ары қарай дамуын қамтамасыз ету үшін министрлік елімізде «сұр тәрелкелердің» таралуы мәселесін құқықтық кеңістікке енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы шаралар отандық телеарналардың аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ұйымдарда бұқаралық көрсетілімге тек отандық телеарналарды ұсыну ескерілген»,-деп нақтылады Абаев.

Осы мәселе бойынша депутаттардың сауалына жауап беру барысында министр «сұр тәрелкелермен» қалай күресетінін түсіндіріп берді.

«Сұр тәрелкелерді» орнатқан азаматтар отандық телеарналарды қарамайды, яғни өз елінің ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отыр. Екіншіден, «сұр тәрелкелерге» еш жерде лицензиялар алынбаған әрі тіркелмеген. Яғни олармен күрес қиындау, алайда сол жүйедегі карталармен күресуге болады. Жаңа заң жобада лицензияланбаған осы карталарды таратқаны немесе жарнамалағаны үшін жауапкершілікті қарастырдық»,-деді ол.

Белгілі болғандай, заң жобасы интернет таралуының дамуында балаларға арналған тетіктер пысықталған. Мәселен, мектеп оқушыларына «баланың жасына сейкес келетін ақпарат» деген түсінікті енгізу ұсынылып отыр.

«Сонымен бірге бүкіләлемдік желінің кеңінен таралуына орай, интернет-ресурстарға ерекше жауапкерлішік жүктеледі. Пайдаланушыларды сәйкестендіруге бағытталған норма министрлік жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірін ескере отырып, заң жобасына қайтарылды. Бұған желіде келеңсіздіктердің жиілеуі себеп болды, яғни біреудің жеке басына тіл тигізу мен құқыққа қарсы контентті орналастыру ахуалы ықпал етті»,-деп тоқталды ведомство басшысы.

Осы орайда министрлікке тұрғындар тарапынан тиісті өтінімдер келіп түсуде және осы тектес жағдайлар мониторинг барысында анықталып жатыр. «Балалардың интернетке қолжетімдігі шектеусіз болған жағдайда бұл мәселе алаңдатпай қоймайтыны анық»,-деді Дәурен Абаев.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман министрден теріс мазмұндағы сайттарға тыйым салу шаралары туралы сұрады. Өз кезегінде Абаев мырза мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін сайттарды анықтауға тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін сайттардың барлығын жауып жатырмыз. Яғни мыңдаған сайттың жұмысын тоқтаттық, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі пабликтерді жаптық. Осыдан екі-үш ай бұрын балаларды суицидке итермелейтін сайтар мен пабликтер пайда болған кезде тиісті шараларды қолдандық», – деп тоқталды министр.

Бұл тұрғыда ведомство басшысы министрліктің сайтына тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша тиісті сілтемелерді жіберсе, қажетті тексерулер міндетті түрде жүргізілетінін атап өтті.

«Мыңдап жапқанымызбен, өкінішке қарай ондай сайттар мыңдап ашылып жатыр. Бұл процесті тоқтату өте қиын, бірақ осы жұмыстар аясында тәулік бойы арнайы мониторинг жүргіземіз»,-деді ведомство басшысы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз