Белгілі заңгер, қоғам белсендісі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Айгүл Орынбек телефон жөндейтін «сақалдылардың» көбейіп, кейбір жерде халыққа қоқан-лоққы көрсететінін айтты. Ол Facebook желісінде жариялаған жазбасында смартфон мен телефон жөндеу орындарының көп бөлігін деструктивті діни ағым өкілдерінің иеленіп алғанын растады.
Осыған мысал ретінде ол жақында Атырау қаласында болған оқиғаның аудиожазбасын жариялады.
Аудионы жіберген әйел ұялы телефонын жөндету үшін осындай дүңгіршекке барады. Алайда, жөндеген адам телефонын сапасыз жөндеп береді. Әйелдің бірнеше рет шағымынан кейін сақалды жөндеуші оның телефонын жерге лақтырып жіберіп, шашып жіберген. Әйел полиция шақырмақ болып шырылдағанда тағы бір серігі келіп, «Аман қалғың келсе бұл жерден кет» деп қоқан-лоққы көрсеткенін айтады. Әйел қатты қорыққаннан сол жерден қашып кеткен. Айналасындағы адамдар оған көмекке де келмепті.
Заңгер аудиожазбадағы әйелдің дауысын әдейі өміріне қауіп төнбесін деп өзгерткенін ескертті.
2018 жылы Шымкент қаласында «телефон жөндейтін» дүңгіршектерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жігіттері жанын шығарып тұрып тазалап еді. Маған сол кезде шағым көптеп түсетін. Тіпті, «қысқа балақтылар» сол жерден университетке өтетін қыздардың киімдеріне дейін әңгіме ғып, доқ көрсетіп құтырып кеткен еді. Байтұрсынов көшесіндегі сол төңіректі «еншілеп», еркінси бастағанда Шымкентке ҰҚК басшысы болып Тасыбеков деген кісі жаңадан келіп, бір күнде аяқ-қолдарын бүктеп, тазартып тастаған еді. Бірақ қазір бұлар қайта көбейе бастады! Қаңтар бізге әлі сабақ болмады ма?
Неге бұларды қолдан құтыртып отырмыз? Өз елімізде емін-еркін, қауіпсіз жүре алмаймыз ба сонда?! Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстандағы бүкіл телефон жөндейтін «сақалдыларды» жіті тексеріп шығамыз! – делінген оның жазбасында.