Нұр-Сұлтан
Қазір
22
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Таразда өткен инвестициялық форумда 120 млрд теңгенің келісімшартына қол қойылды

Агрохимиялық саланы дамыту мен инвестиция тартуға арналған бұл халықаралық форумды Жамбыл облыстық әкімдігі мен «Біріккен химиялық компания» ЖШС ұйымдастырды. Бұл күні шағын және орта бизнес субъектілері мен бизнесмендер үшін аймақтың инвестициялық тартымдылығы кеңінен таныс­тырылды деп жазады “Егемен Қазақстан” газетінің өңірдегі тілшісі Оралхан Дәуіт.

Жамбыл облысы егемен еліміздің экономикасы мен мәдениетін дамытуға қомақты үлес қоса келе, Елбасының инвес­тиция тарту, өнеркәсіпті әрта­раптандыру және басқа елдер­мен әріптестік қарым-қатынастарды нығайту бойынша тапсырмасын іске асыруға бар күш-жігерін салуда. Экономикаға инвестиция тарту – тек қаржы құю ғана емес, оның астарында өндіріске жаңа технология енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу, ең бас­тысы, аймақтың әлеуметтік-эко­номикалық жағдайын көтеру мақсаты жатыр.

Ендеше, Жамбыл облысы инвесторларға не ұсына алады? Жалпы, бұл өңір қазба байлық­тарға өте бай. Бұл өлкеде фосфорит, плавиктік шпат, уран, бағалы және түрлі-түсті металдар, көмір және табиғи газ, сондай-ақ тұз шы­ғарылады. Еліміздегі фос­форит қорының шамамен 72 пайызы, кварциттің – 65, алтын­ның 8,8 пайызы, мыстың – 3, уранның 0,7 пайызы осы Жамбыл облысының аумағында жатыр. Титан-магнит кен орындары да бар. Осынау кен орындарымен бүгінде 372 кәсіпорын айналысып, 30 мыңнан астам еңбек етуде.

Жамбыл жерінде жұмысын жандандырған Қазақстандағы агрохимия өнеркәсібінің алыбы «Қазфосфат» ЖШС бүгінде ТМД елдерінің аумағында фосфорлы өнім өндірушілер арасында көш бастап тұр. Осыдан кейін еліміз бойынша химия өнім­дерін өндіруде Жамбыл облы­сының үлесі 30 пайызды құрады. Сондай-ақ, Жамбыл облы­сының агрохимиялық саласын дамыту үшін «Тараз химия­лық паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Аумағы 505 гек­тарды құрайтын бұл аймақ­та 6 кәсіпорын салынуда. Бұл жобалардың құны 276 млрд теңгені құрайды.

Осының арқа­сында мыңнан астам жұмыс орындары ашылмақ. Арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін же­ңілдетілген салықтық режім көр­сетіледі. «Тараз химиялық пар­кі» кәсіпорыны «Глифосат өн­дірісі», «Күйдіргіш сода өнді­рісі» және «Треххлористік фос­фор өндірісі» жобаларын жү­зеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасы аясында құрылған.

Бұдан бөлек, ресейлік «ЕуроХим» компаниясы құны 2,4 млрд АҚШ долларын құрай­тын жылына 1,4 млн тонна кешен­ді минералды тыңайтқыш шығаруды қолға алды. Сондай-ақ, «Алтыналмас» компаниясы жаңа технологияларды пайдалана отырып, жылына 2,8 тонна алтын шығармақ. Ал «Тараз металлургия зауыты» қара металлургия саласына күш салуда. Қазіргі таңда Қытай инвесторларының қатысуымен жалпы сомасы 5,1 млрд АҚШ долларын құрайтын 14 инвестициялық жобаны жүзе­ге асыру қарастырылуда. Оның ішінде 7 жоба іске асырылу дең­гейі жоғары 51 Қазақстан-Қытай инвестициялық жоба­ларының тізіміне енген.

Бұ­дан бөлек Қазақстан – Қытай кәсіп­керлік-индустриялық айма­ғын құру мақсатында Сиянь то­қыма корпорациясы мен облыс әкімдігі арасында құны 220 млн. АҚШ долларын құрайтын мемо­рандумға қол қойылды. Ма­лайзиялық «Agrostanferms» ірі-қараны бордақылау мини-фермаларын салу жобасының құны 200 млн АҚШ долларын құрайды.

Бүгінде жылына 15 мың тон­на цианид шығарып жатқан «TalasInvestment Company» ЖШС, күн электр стансасын орнатып, 50 МВт қуат беріп жатқан «Бур­ное Солар-1» ЖШС, француз кәсіпкерлері қаржыландырып отырған «Жамбылцемент», қы­тай­лар қолға алған «Хантау» цемент зауыты, гипс өндіру сала­сындағы «Жамбылгипс» пен «Ақтас» кәсіпорындары өте табысты еңбек етуде.

Міне, жері бай, климаты өте жай­лы Жамбыл облысы осындай нәтижелі жұмыстардың ар­қа­сында қазір елімізде инвес­ти­ция тарту көрсеткіші бойынша төр­тін­ші орында тұр.

– Жыл сайын Жамбыл облыс­ы индустриялық әлеуетін арт­ты­рып келеді, – дейді Жам­был об­лысының әкімі Кәрім Көкі­рекбаев. – Жергілікті өндірісті дамытуда инвестицияны тарту үшін қолайлы климат құрылған. «Taraz Invest-Agro|Chemical Day 2016» халықаралық инвестициялық форумын өткізу өнеркәсіптік және химиялық-технологиялық өндіріс саласындағы әріптестік қатынасты нығайтуға тағы бір қадам болатыны анық.

Форумда Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қырғыз Респуб­ликасының Талас облысындағы өкілі Д.Кенекеев, Қытай Халық Республикасының Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Вэй, Иран Ислам Республикасынан келген инвес­тор Комали Хусейн, «Аурум Дойчланд АГ» бас директоры Йоган Штоль, «Біріккен химия­лық компания» ЖШС басқарма басшысы Ж.Өсербай, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма басшысының орынбасары Д.Әбілқайыров және басқа да қонақтар инвестиция салудың жол­дары туралы өз ойларын орта­ға салып, Жамбыл облысымен бұл салада бірлесіп жұмыс істеу­ге үлкен қызығушылық танытты.

Шынында бұл форум Жамбыл облысының бизнес саласына тың серпін берді. Халықаралық инвес­тициялық форум аясында Жамбыл облысында жаңа өндіріс ошақтары мен жаңа жұ­мыс орындарының құрылуына жағдай жасайтын меморандум түрінде бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтар болсақ, минералды тыңайтқышты субсидия­лау бойынша, химиялық және агрохимиялық өнеркәсіпті дамыту, тау-кен металлургиялық комбинаты құрылысы, «Бурное-2» СЭС құрылысы, 50 мың гектар аумаққа дейін қант қызылшасын өсіру мен қант шығару зауытының құрылысы, GMP и GLP стандарттары бойынша ветеринарлық дәрі-дәрмектерді шығаратын биокомбинат салу, модульді нысандар мен үйлер салу, жерді ғарыштан зондтау жөнінде, нат­рий цианидін сатып алу, баламалы энергия көздерін дамыту және баламалы жанар май түрін енгізу бойынша құны 120 миллиард теңгені құрайтын Германия, Иран, Үндістан елдерінің және отандық кәсіпкерлермен бірнеше меморандумға қол қойылды.

Форум аясында инновациялық ғылыми химиялық жобалар та­ныс­тырылымынан бөлек «Агро­өнер­кәсіптік комплекс сала­сын­дағы халықаралық ынты­мақ­тастық», «Туризм сала­сындағы халықаралық ынты­мақтастық» тақырыбында кеңей­тілген тал­қылау өткен панельдік сес­сиялар ұйымдастырылды. Атап өтер бір жайт, бұл форум Жамбыл облысы мен «Тараз химиялық паркі» АЭА аясында агрохимия саласын дамытуға арналған «БХК» ЖШС-нің бірінші аймақтық шарасы болды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз