Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Таксист болу деген осы, бауырым!

354

“Осы сырттан қараған адамға таксистердің өмірі жақсы секілді. Жеңіл ақша табатын секілді. Шындығында солай ма? Жоқ!

Өйткені талай уақытың қиқулаған Алматының кептелісінде тұрумен өтеді. Жүйкеге, жүрекке салмақ түседі. Алған клиентің кейде (көбінесе қазақтар) қаланың бір шетін айтады, бірақ төлейтіні — арзымайтын қаржы.

Бірақ… Көше толған таксист, сондықтан амалсыз аласың. Аз да болса, нәпақа дейсің ғой. Сол азғантай ақшаны табам деп, қаншама кептелісте тұрасың, қаншама нервің кетеді. Өміріміз осылай өтіп жатыр. Бірақ мәшинеге мінген клиент былқ етпейді. Құлағына ұялы телефонның құлақ қабын тығып алып, музыка тыңдап отырғаны.

Иә, солай! Көше толған таксист екені — шындық. Өйткені, ақша кімге керек емес дейсіз. Жұмысқа бара жатқандар да, қайтып келе жатқандар да қол көтерген адамды ала береді. Олардан тыс «таксовайтті» нәсіп еткендер қаншама? Қаланың сыртынан келіп, күнкөріс үшін ескі көлігімен көшелерді көлікке толтырып жүрген солар.

Қызық өзі. Қазір байқасаңыз, кейде тәп-тәуір, жаңа көлік мінген қыз-келіншектер де жолай қол көтергендерге тоқтап, «клиент» алып жатады. Ал, осыдан-ақ ақшаның жолы қиын екенін байқайсыз.

Осындай нөпір таксистер жиналған Алматыда керемет ақша таба қоямын деу — мүмкін емес нәрсе. Түнімен тірнектеп, азын-аулақ тиын-тебен тауып, сәл көңілің көтеріле бергенде артыңда сайтандай сап ете қалған жол полициясы айқайлап тоқтатады. Сенің адам тасып күн көретін жүрген таксист екеніңді олар машинаңа қарап-ақ біледі. Өйткені біз сияқты «жабайы» таксистердің мінгені — жаман «Мазда», тозған «Митсубиси», көзге сүйел болған баяғы Нексия мен Лада ғой. Немесе солар секілді арзан-құрзан, ескі-құсқы көліктер. Олардың сақтандыру қағазы да, техникалық байқаудан өтті деген қағазы да жоқ. Алайын десең, олардың өзі қалтаңды қағады.

Иә, амалсыз «страховкасыз», «техосмотрсыз» жүре беруге тырысасың. Құжатыңның жоғын білген жол полициясы әркіреңдейді. Амалсыздан «әке-көке» деп, итшілеп жүріп тапқан нәпақаңмен әрең бөлісесің. Ішің удай ашиды. Кейде тамағыңа өксік тіреледі. Билікті боқтайсың. Осындай сорлы күйге түсіріп қойған.

Менің мамандығым — тарихшы. Ұстазбын. Бұрын мектепте біраз жыл жұмыс істегем. Мұғалімнің айлығын білесіз ғой. Қиын. Жаман бала-шағамды асырауым керек. Амалсыз несиеге арзанқол көлік алып, күндіз-түні адам тасуға көштім. Қол көтерген бір адамға бес-алты мәшине бірақ тоқтайды. Жеті түнде өзімдей қаптаған тіміскі-таксистермен таласып, жол шетінде біреу-міреу тұрса екен деп жәутең қағатын, егер тұрса – қолын көтеруіне мұршай бермей іліп кететіндердің бірімін ғой. Аз болса да, әйтеуір күнделікті «тірі» ақша қалтаңда. Біз – соның арқасында күн көріп жүрміз.

Үйге келгенде әйелің қолыңа қарайды. «Пәленбайдан бері көшеде жүргенде бар тапқаның осы ма», деп бұлданатыны тағы бар. Балаларыңның қолына да бірдеңе ұстатқың келеді.

Қиын. Таксист болып байып кету мүмкін емес. Мен де, әйелім де байқайды: көшеде әркіммен боқтасып жүрем деп, мінезім жаман өзгеріп алған. Баяғыдай емесін, қазір ашуланшақ, күйреуікпін. Көшедегі көк түтін, тозған көліктегі май мен бензиннің иісі денсаулықты құртып-ақ жатыр. Міне, таксист болу деген осы, бауырларым! Таксист болу — мол ақшаның көзі емес…”.
https://kaz.365info.kz/k-jeui-taksist-bolmasyn-247006

Аян Мырзабек

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз