Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
9
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

“Тағы мың теңге беріңіз!”. Ақша үшін “емдейтін” тәуіп масқара болды

233

Мен ежелден халқымыздың қанына сіңіп, өмірімен жасасып келе жатқан сенім­дерін мойындаймын. Айт­қандары дәл келетін палшылар мен емшілердің, көріпкелдердің болғанын еш­кім жоққа шығармайды. Адам рухы әрі-сәрі мына кезеңде бойымыз бен жүрегімізді таза ұстамасақ, жағымсыз жайлар­ға ұрынып кетуіміз де ғажап емес. Адамның көбі дүние қуып кеткен мына заманда таза палшы мен көріпкел, емші бар деп айту  және қиын.

Біраз жылдар бұрын базарға кеткен зайыбым мен қызым үйге түстері өрт сөндіргендей болып оралды. Не болғанын сұрап едім, әйелім: «Жаңа айтқаны дәл келеді деген соң, бір палшыға барып едік, ол сенің басыңда дуа барын, біраз жылдан кейін бөтен әйелге кетіп қалатыныңды айтты», – деді. Дуаны қайтару үшін ол қомақты қаражат сұрапты. Салы суға кетіп отырған әйеліме: «Соның сандырағына сендің бе?» десем: «Сенбегенде ше, ол халық таныған палшы», – дейді. «Менің кеткенімді уақтысында көре жатарсың», – деп мен де тарс кеттім. Содан бері арада қаншама жыл өтті, құдайға шүкір, кеткенім жоқ. Отбасымыздың іргесі сөгілмей өмір сүріп жатырмыз.

Өткен жылы әйелім қатты ауырып, қарату үшін біраз жерге бардық. Дәстүрлі медицинаның ем-домы қона қоймаған соң, халық емшілерін жағаладық. «Ленгір жақта шөппен емдейтін емші бар, тамырыңды ұстап отырып, айта береді» деген соң соған бардық. Орта жастағы жігіт ағасы екен. Емдеу орнына домбыра, қобыз, қамшы, қойшы, әйтеуір бұрынғы емшілер қолданатын біраз киелі заттарды іліп қойыпты. Алдымен әйелімнің тамырын ұстап көрді. Сосын медициналық фонендоскоппен әр жерін тыңдап көрді де,  шөптің сығындысы болу керек, көкшіл түсті қоймалжың сұйық құйыл­ған үш шағын бөтелкені берді.  Әйелім оның алдына екі мың теңге тастап еді, емші басын қынжыла шайқап: «Тағы мың теңге беріңіз», – деді. Сұрағанын бердік. Бірақ неден жасалғаны белгісіз сол дәріні әйелім қанша ниеттеніп ішсе де, ем болмады.      

Қазақта «дүдәмәл ем қонбайды» деген сөз бар. Әлгі емшінің берген дәрісін мен сондай дүдәмал емнің бірі ретінде қабылдадым. 

Бұрынғы емшілер мен палшылар бергеніңді қанағат тұтып, қолын жайып, батасын аямай беретін. Бүгінгі емшімін деп жүргендер бермесіңді сұрап алатыны жасырын емес.

Екінің бірі емші, палшы деп бекер айтып отырғаным жоқ. Шынын айтсам, палшылық қасиет өзімде де бар. Бірақ жолын ұстамаған соң, өзімді палшы деп айтуға арым жетпейді. Құдай алдында біреудің ақшасын алдап алып, күнәһар болғым жоқ. Сонда да басымнан өткен бірер оқиғаны айтқаным жөн шығар.

Бірде көрші марқұм Дәнеш апа қасына орта жастағы кісіні ертіп келіп: «Қуаныш, мына жігіт күйеу баламыз еді, әйелінің мінезі оспадарлау болатын. Кеше екеуі ренжісіп, әйелі «мен өлемін» деп үйінен шығып кетіпті. Содан бері жоқ. Екі палшыға барыпты. Біреуі таптырмайды де­се, екіншісі өлігі табылады депті. Сонымен не істерін білмей маған келіпті. «Біссі­міллә» деп пал тасын бір тартып көрші» деді.

«Ойбай, апа, мен палшы емеспін ғой» деп азар да безер болғаныма өтініп қоймаған соң, палды аштым. Палдың түсіміне қарай отырып: «Әйеліңіз екі күннен бері көшенің қарсы бетіндегі үйде тығылып отыр. Шамасы, сізді қорқытпақшы болуы керек» дедім. Әлгі кісі менің айт­қаныма сенерін де, сенбесін де білмей: «Қалай?» деді. «Оны үйіңізге барған соң, өзінен сұрап білерсіз» дедім мен. Шынында, үйіне барып көршісіне кірсе, әйелі сонда жайбарақат отыр екен.   

Сол отбасының күзге таман оншақты сиыры жайылымнан табан астында жоғалыпты. Сосын әлгі кісі әйелін маған пал аштыруға жіберіпті. Ұзақ жолдан арнайы келіп отырған соң, амал жоқ, пал аштым. «Сиырларыңыз бір қорада қамаулы тұр. Енді іздеп тауып алмасаңыз, орнын сипап қаласыз» дедім. «Сонда қай қорада қамалып тұр?» деді  әйел. «Оны мен білмеймін, палдың тасына не жазыл­ғанын мен оқып білетін кәнігі палшы емеспін» дедім. «Онда сіздің палшылығыңызға болайын», – деп әйел ашуланып шығып кетті.     

Соның артынша Шұбарсу саяжайында бір иесіз тана пайда болады. Тана біреудің сиырына қосылып, бір айдай жүрген соң, сиыр иесі полицияға хабар етеді. Полиция болса: «Тананың иесі шығар, шықпаса ол сіздікі болады, жем-шөбіңізді беріп баға беріңіз» депті. Тананың иесіз жүргені және ен-түсі әлгі әйелдің күйеуінің құлағына тиіп, іздеп барса өз танасы болып шыққан.

Шамасы, ұрылар сиырды арта бастағанда тана қоршаудан қашып шықса керек. «Қап» деп тана иесі санын бір соғып, әйелінің долы мінезін кінәлап: «Шұбарсу маңында көп болса он-шақты қора бар шығар, аралап көріп шыққанда ұрланған сиырлардың дер кезінде үстінен шығып, қолды етпей аман алып қалар едік-ау» деп қатты өкініпті.   

Бұл жерде мен палшымын деп өз атымды жарнамалағалы отырғаным жоқ. «Жаманның айтқаны емес, сандырағы келеді» дегендей,  бір-екі рет айтқаным тура келді екен деп жұртты әуре-сарсаңға салып, обалына қалғанша тыныш жүруді жөн көремін. Палшылықты ақша табу жолына кәсіп еткім келмейді. Оған арым да жібермейді.

Айтқым келгені, қасиетсіз кі­сі бол­май­ды. Тек Ал­ланың бер­ген сол қа­сиетін ақ­ша табу үшін кір­летуге, оны аяқ асты етуге болмайды деп ойлаймын. 

Қуаныш НҰРМАШҰЛЫ

Дереккөзzamana.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз