Тәжікстан үкіметі елдегі еңбек мигранттарына қолайлы елді анықтауды мекемелер мен құрылымдарына тапсырды. Бұл туралы 2016 жылдың алғашқы жартысындағы экономикалық және әлеуметтік даму нәтижелеріне арналған қаулыда айтылады.
«Еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, еңбек мигранттары жұмыс істейтін елдерді көбейту үшін шара қолдануы қажет» делінген қаулыда. Еңбек министрлігі Ресейден оралған мигранттарға ел ішіндегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет беруге міндетті екені атап өтілген.
Ресейден жер аударылған тәжік еңбек мигранттарының саны 300 мыңнан асқан соң, үкімет осындай қаулы қабылдауға мәжбүр болды. Ресейлік рубльдің одан сайын құнсыздана түсуі де осы елге баратын тәжік мигранттарының санын күрт азайтып жіберді.
Тәжік жұмысшыларының дені нәпақа табу үшін көбіне Қазақстан мен Ресейге барады. Өткен жылы 311 мың мигранттың 305 мыңы Ресейге жол тартса, қалған 6 мыңы Қазақстанды таңдаған.