«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы республикалық акциясы барысында тұрғындардың өтініш-тілектері мұқият тыңдалып, мәселелерді шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.
Бұл туралы Егемен Қазақстан газеті жазады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Қызылжар өңіріне түнделетіп келді. Уақыттың кештігі мен қарашаның қара суығына қарамастан, перронда қарсы алушылардың қарасы қалың болды. Пойыз жолаушыларына нан мен тұз ұсынылып, шашу шашылып, үрлемелі оркестрдің сүйемелдеуімен екпінді әуен ойналды.
11 күннің ішінде 17,5 мың адам қамтылып, төрттен біріне медициналық көмектер беріліпті. Солтүстікқазақстандықтар атынан сөз алған Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Кухарь, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Н.Надиров мұндай акциялардың қоғамды біріктірушілік, ұлттарды жақындастырушылық, ізгі мақсаттарға ұмтылдырушылық, қиындықтарды бірігіп еңсеру маңызына тоқталды.
Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда қоғамдық мәні бар жайлар көбірек қозғалды. Мәселен, Ф.Литфуллин Пестрое көліне қатысты шетін мәселені қоршаған орта мен экологиядан бөле-жарауға қарауға болмайтынын, В.Ремба Белое елді мекеніндегі жолды жөндеу қажеттігін, Ж.Тәжин инклюзивті оқытудың ұлттық стандарттарын қалыптастастыру мүмкіндіктерін, Р.Самаев «Дипломмен–ауылға!» бағдарламасы аясында өзге өңірлердің біріне барып, жұмыс істеуге көмек көрсетуді алға тартты. Сондай-ақ, С.Хасеновтің, Н.Протоповтың, Е.Нетесованың жеке бас мәселелеріне қатысты тиісті орындарға нақты тасырмалар берілді.
Этномәдени бірлестіктер, білім беру, денсаулық сақтау, шығармашылық зиялы қауым, жастар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Елбасының саясаткерлік, көшбасшылық рөлін, Тәуелсіздігіміздің, мемлекеттілігіміздің даму орнын айғақтайтын, «Қазақстан-2050» Стратегиясының, «Мәңгілік Ел» идеясының, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі қағидаттарын түсіндіруге арналған лекциялар оқылды. Сол сияқты «Тәуелсіздік тарихы–ұлт рухының өлшемі», «Мәңгілік Ел–болашағы біртұтас ұлттың рухани негізі», «Бейбітшілік пен келісім үлгісі–Қазақстан бренді» тақырыптары аясында өткен кездесу-жүздесулердің де танымдық-тағылымдық мәні зор болды.
Жастар сарайында ұйымдастырылған «Жақсылық жаса!» қайырымдылық акциясы бүлдіршіндерге арналып, оған шығармашылық ұжымдар, аниматорлар, жәрмеңкешілер белсене қатысты. Қызықты ойындар ұйымдастырылып, тауарлар мен қолөнер бұйымдарын сатудан түскен қаражат туабітті дімкәстікке ұшыраған А.Куриев пен И.Зологиннің ем-домына жұмсалатын болды.
Бұл күні ақ халатты абзал жандарда еш тыным болған жоқ. Олар бірнеше топқа бөлініп, облыс орталығы мен Қызылжар ауданындағы емханаларда медициналық қызмет көрсетті. Дәрігерлердің қабылдауына келген адамдар толыққанды тексерілуден өтіп, кеңестер алды. Биғайша деген кейуана немерем екеуміз білікті дәрігерлерге көрініп, денсаулығымызды қаратып алдық. «Апалап» құрақ ұшқан пейілдеріне ризамыз, десе, Анатолий есімді кәсіпкер шағын және орта бизнес саласына қатысты ділгір сұрақтарға қанағаттанарлық жауап алыпты. Азаматтардың еңбек құқығын қорғау, зейнетақы тағайындау, баспанамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша да пайдалы кеңестер ұсынылды.
БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Қазақстанның қуатты мемлекет ретінде орныққаны, халықтың тұрмыс сапасы жақсарғаны, әлеуметтік қолдаулардың артқаны атап көрсетілді.