Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 43 күнде 35 елді-мекенге тоқтайды

– Ең алдымен Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мақсаты – еліміздің егемендігіне ие болған ширек ғасырдағы жетістіктері мен жеңістерін елге, өңірлерге жеткізуді, насихаттауды көздейтінін айтқанымыз абзал. Сонымен бірге бұл пойыз жергілікті халыққа әлеуметтік, құқықтық, медициналық және кәсіпкерлік салаларда көмек көрсетуге, қолдау білдіруге арналған қоғамдық қабылдаулар мен консультациялық кеңестер өткізеді. Бұл ретте пойыз құрамында Парламент депутаттары, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ауыл шаруашылығы, Ақпарат және коммуникация, Мәдениет және спорт, Әділет, Ішкі істер министрліктері мен «Бәйтерек», «ҚазАгро» ұлттық холдингтері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінен құралған тиісті мамандар бар. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының құрамындағы республикалық акцияға әр мерзімді қоса алғанда 270 адам қатысады.

Әрине, Тәуелсіздіктің 25 жылында елімізде мақтан тұтарлық игі істер көптеп атқарылды. Біз оны халыққа айта, жүрегіне жеткізе білуіміз керек. Бұл барлық аймақтарды қамтуы тиіс. Сондықтан аталған республикалық акция өте маңызды жоба деп ойлаймын.

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Біз 1-қараша күні Астана қаласынан жолға шықтық. Пойыз 43 күнде 35 елді-мекенге тоқтайды. Ал 14-желтоқсанда Алматы қаласында сапарымызды түйіндейтін боламыз. Осы аралықта жолаушыларымыз өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асырып, халықтың бірлігін нығайтуға қызмет етпек. Естеріңізде болса, биыл жыл басында, яғни наурыз айында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ұйымдастырған «Мәңгілік ел» пойызы да елді аралап, халыққа тиісті көмек көрсеткен болатын. «Мәңгілік ел» пойызы 34 күнде 33 елді-мекенге тоқтап, 60 мыңнан астам адамды қамтыған еді. Сондай-ақ 13 мыңнан астам адам медициналық кеңес алса, оның ішінде 7,5 мыңнан астамы кәмелетке толмаған балалар мен жасөсіпірімдер болды. Ал 421 тұрғын республикалық медициналық мекемелер мен орталықтарға жолдама алды. Яғни, алдыңғы пойыздың жұмысы жақсы нәтижелерге қол жеткізді. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы да Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында халыққа жақсы көңіл-күй сылайтынына сенемін. Бұл – халық арасына шыққан тоғызыншы әлеуметтік пойыз.

tauelsyz-kazakstan-003

– Бір айдан астам жол үстінде жүретіндіктен жолаушыларға қандай жағдай жасалған? Пойыз құрамының қызметі туралы не айтасыз?

– «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының құрамында 8 вагон бар. Оның ішінде 5 вагон акцияға қатысушы-жолаушыларға арналған. Сондай-ақ 2 вагон-мейрамхана мен 1 жүк вагоны бар. Вагон-мейрамханада пойыз жолаушылары мен қызметкерлеріне 3 мезгіл тегін ас беріледі. Ал жүк вагонында әр министрлік пен ведомстволар өкілдерінің арнайы заттары мен халыққа таратуға арналған әдістемелік құралдары тиелген. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтың бірлігі мен ынтымағына арналған эксклюзивті сый-тарту кітаптарының жиынтығы осы жүк вагонында. Бұл тартуларды жергілікті мекемелер, Достық үйлері мен кітапханалар ризашылықпен қабылдап алуда. Сондай-ақ пойыздың жүру кестесі бар. Осы кесте бойынша әр елді-мекенге келу, тұру және жөнелтілу уақыты нақты бекітілген. Өйткені, жол қауіпсіздігін сақтаудың өзіндік талаптары бар. Компанияға қарасты жергілікті стансалар мен қызметкерлерге пойыздың мүлтіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар мен міндеттер берілген. Мәселен, олар вагонды көмірмен, сумен және басқа да қажеттілікпен қамтамасыз етіп отырады. Жылжымалы құрам Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай әсем безендірілген. Әр вагонда 2 жолсеріктен, техникалық ақауларды тексеретін 2 пойыз электр механигі, 10 вагон-мейрамхана қызметкері, жүк тасымалдау вагонында 2 қызметкер, пойыз бригадасының басшысы және толығымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әскерилендірілген күзет қызметкерлері мен полиция сақшылары жұмыс істейді.

tauelsyz-kazakstan-002

– Әлеуметтік жобада халықты барынша қамту мәселесі ескерілген бе?

– Астана қаласынан салтанатты түрде жолға шыққаннан бері Қарағанды қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының Ақтоғай кенті, Өскемен, Семей және Курчатов қалаларында болдық. Ендігі бағытымыз Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары арқылы жалғасады. Тағы бір атап өтерлігі, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы аялдайтын елді-мекендер тізбегін бекіту барысында бұдан бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным», биылғы «Мәңгілік Ел» пойызы кестесінен тыс қалған стансалар мен қалаларды қамтуға тырыстық.  Яғни, біздің мақсатымыз – халықтың барлық бөлігін қамту. Бұл ретте жергілікті атқарушы билікпен бірге алдын-ала пойыз тоқтайтын қалалар мен стансалардың маңайындағы елді-мекендердің де халқын қамту мәселелері қарастырылды.

Ерекше атап өтерлігі, пойыз аялдама жасайтын нүктелерде жаңадан салынып, пайдалануға берілген «Қорғас-Жетіген» бағытындағы «Алтынкөл» стансасы, «Өзен-Түркіменстан шекарасы» бағытындағы «Болашақ» стансасы да бар. Бұл – жаңа жол, жаңа станса, жаңа елді-мекен. Яғни, мұны да Тәуелсіздігіміздің төл туындысы, жемісі ретінде айта аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Сапарларыңыз сәтті болсын!

img-20161107-wa0003

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз