Нұр-Сұлтан
Қазір
-26
Ертең
-33
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

СҚО тұрғыны биік қорғанның кесірінен үйіне кіріп-шыға алмай қалған

Сергей Левин ауылға бару үшін альпинистер сияқты бөгетке өрмелеп шығуы тиіс. Себебі, баспанасы үйілген топырақтың сыртында қалып қойған. Тасқынға тосқауыл болатын қорғанның арғы бетінде Ольшанка елдімекені орналасқан. Тұрғындармен көрісіп, дүкенге барып келу жігіт ағасына нағыз азап.

«Менің баспанам балшық бөгеттің арғы жағында қалып қойды. Биіктігі екі метрден асатын топыраққа мініп-түсу оңай емес. Жападан жалғыз менің үйім қалды. Демікпеге шалдыққанмын. Маған жедел жәрдем қызметі де келе алмайды. Дәрі-дәрмек сатып алуым да нағыз мұңға айналды», – дейді Сергей Левин.

Екі жыл бұрын 40 жастағы азаматтың жалғыз баспанасы тасқыннан зардап шеккен. Бірақ тексеріс барысында тұруға жарамды деп танылыпты. Өтемақы алып, үін қалпына келтірген сәтте тағы да судың астында қалған. Сол кезде қора-қопсы кетті дейді.

Сергей Левин әкімдік пен соттың табалдырығын тоздырып жүр. Бірақ жігіт ағасы әділдікке қол жеткізе алмадым деп ашынады. Жағдайыма жергілікті билік назар аудармаса көктемде баспанамды тағы су баса ма деп қорқады.

«Менің бір ғана талабым бар. Бөгетті қайта жасасын. Сонда менің үйіме дейін ұзартсын. Болмаса басқа баспана берсін. Сот медиация арқылы келісімге келіңдер дейді. Ал әкімдік өтемақы төлегісі келмейді. Сонда мен қайда баруым керек», – дейді айдалада қалған үй иесі.

Шарасыз күйге түскен тұрғын тәуелсіз сарапшы жалдап, баспана 19 миллион теңгеге бағаланыпты. Бірақ әкімдік ұсынып отырған сома одан екі есеге аз дейді. Ал шенеуніктер бөгет тұрғызыла бастаған кезде Сергейдің үйі судың ортасында тұрды деп ақталды.

«Оның баспанасы Есіл өзеніне екі жүз метр қашықтықта орналасқан. Ертең тағы суға кетуі мүмкін. Қазір техникалық тексеріс жүргізіп, кейін оны сатып аламыз. Бұл мәселе біздің назарда. Шешіп беруге тырысамыз», – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Азат Ибраев.

Сергей Левин енді бала-шағасымен бірге жалдамалы пәтерге көшпек. Себебі баспанама жаяу адам түгілі техника жете алмайды дейді. Айта кетейік, Ольшанка ауылы 2024 жылы тасқыннан қатты зардап шеккен елдімекендердің бірі. Мұнда жетпістен астам отбасы тұрады. Биыл да құтқарушылар ауылды су басу қаупі төніп тұрғанын жасырмайды.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз