Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Шымкентте түрмеде жазасын өтеген екі нигериялық қазақ тілі мен дәстүрін үйреніп шыққан

175

Өзіміз сияқты емен-еркін сөйлемесе де, түсінісетін дәрежеге жеткен. Олар бұған қоса біздің салт-дәстүріміздің қыр-сырын меңгеріп, ұлттық тағамдарымызды сүйсініп жейтін болған.

Шартты түрде бостандыққа шыққан жігіттер бүгінде қаладағы қонақ үйлердің бірінде жұмыс істеп жүр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

«Қазақша көп білмеймін, аз білемін. 45 процент білемін», – дейді бірі.

32 жастағы Обах Жозефат жазасын өтеп шыққанына көп бола қоймаған. Осы күні қаладағы сәні мен салтанаты жарасқан қонақ үйлердің бірінде еңбек етеді. Мамандағы мұғалім екен. Бес тілді меңгерген. Соңғысы – қазақ тілі екен. Оның өзін Шымкенттегі түрмеде отырғанда үйреніпті. Еркін көсіліп сөйлемесе де, аздап ойын жеткізе алады. Қазақстанға келгенге дейін Еуропа елдерін аралапты. Үйленген. Елінде жұбайы мен үш баласы бар көрінеді.

“Нигерияда мұсылман басқаша система, қазақша басқа система. Маған бәрі ұнайды, әсіресе, қазақша тамаша”, – дейді Нигерия азаматы Обах Жозефат.

Обах Жозефаттің Шымкентке бауыр басып кеткені соншалықты, жергілікті халықтың дәстүрін меңгеріп алған. Әсіресе, қазақтың тағамдарын жатқа біледі. Қазы-қарта, жал-жая, қымыз, қымыранды бұған дейін ішіп-жемек түгілі, естімеген де екен. Ал бұл күнде сүйікті асына айналғанын айтады. Ол қонақ үйге келіп тоқтаған қонақтарды ең бірінші қарсы алады. Сөйтіп, қол сөмкелері мен жүктерін бөлмелеріне дейін жеткізіп береді.

Нигериялық ер адамның екіншісі Нвоке Екендиричук. 41 жастағы азаматтың бүгін демалысы екен. Осы күні баратын жері болмағандықтан, екеуі де уақытша бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Оларды жұмысқа қонақ үйдің қызметтік көлігі тасымалдайды. Ас-ауқатты осы жерден ішеді. Ал жұмысқа кезекпен шығады.

“Бір жағынан үш тілде де сөйлеген экзотика, креатив болып тұр. Сол үшін барып өздерімен таныстық. Әңгімелері түзу, қонақтарға ұнайды”, – дейді қонақ үй менеджері Жадыра Калмаханбет.

Олардың бірі о баста біздің елге саудамен айналысу мақсатында, ал екіншісі жоғары оқу орнына мұғалім болу үшін келіпті. Ал екеуін Астанада ортақ таныстары таныстырыпты. Сөйтіп жүргендерінде тағдырдың жазуымен оңтүстіктен бір-ақ шыққан. Алайда, Шымқалада жүрген кездерінде шалыс басып шатылған. Жалған ақша жасап, тәртіп сақшыларының қолына түсіп қалды. Сөйтіп, 3 жыл 9 айға бас бостандықтарынан айырылған. Алайда, үлгілі тәртіптері үшін түрмеден ерте босапты. Қонақ үйде жұмыс істеп жүрген олар жуырда ел аумағынан шығарылмақ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз