Шымкентте колледж мұғалімдері жалған дипломмен дәріс беріп келген. Ал, студенттерге ай сайынғы жолақы қаржысы төленбей жүрген.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, қадағалау органы тарапынан білім бағдарламаларының орындалуына және 6 орта-арнаулы білім мекемелеріндегі мемлекеттік тапсырысқа бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына тексеру жүргізілген. Онда студенттердің мүліктік құқықтарының бұзылу жәйттері мен білім туралы заңнаманың, санитарлық нормалар мен өзге де заңдардың сақталмайтыны анықталған.
«Мұғалімдердің жалған дипломмен жұмыс жасауы бойынша 7 дерек анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Мәселен, «Индустриалды-техникалық» колледжде өндірістік оқыту шебері 2013 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды аяқтағаны туралы жалған дипломмен жұмыс істеп келген» делінген хабарламада.
Прокурорлардың араласуы нәтижесінде «Мирас» және Музыкалық колледжде оқитын 586 студентке жол ақысына төленбей жүрген 2,5 млн теңге қайтарылған. Ал, №4 колледжде 39 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылу деректері анықталған.
Осындай заңбұзушылыққа жол бергені үшін аталған колледж директоры ҚР ӘҚБтК-нің 207-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 240 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Сонымен қатар, 11 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 1,5 мың оқушыға (996 кәмелет жасына толмағандар, 3 жетім бала) 7,3 млн теңге қаржы өтелді. 35 тұлға тәртіптік және 6 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 360 мың теңге мөлшерде айыппұл салынған.